Сүндеттеуші

29 қантар 2021, 14:39

«Шаштараз» деген жазуы көмескіленіп қалған, тақтайларының жартысы шіріп, өзі бір жағына жапырайған, іші ескі-құсқы қайшы, ұстара, оларды қайрайтын қайыстарға және басқа да ыбырсыған майда-шүйдеге толған, арзан-құрзан әтір-опасы бар осы тозығы жеткен дүңгіршектен шығып бара жатып, оның бұрынғы иесі – осы дүңгіршегі сияқты жасы бірталайға барып қалған сақалды бейшара, артына бір жалт қарады да, жиектері қарайған айнаның артына қол жүгіртіп, ол жерден жақында ғана ашылып, орталанып қалған арағын суырып алды. Суырып алды да, советтен қалған қырлы стаканға ернеуіне дейін лықылдата құйып, білінер-білінбес қалтыраған қолдарымен аузына жақындатты да, дем алмастан тартып жіберді. Тартып жіберді де, арағынан босаған стаканға краннан су ағызып құйып, сіміріп алды. Сімірді де, іші өртеніп, ішектері құрылдап, көзіне құйылған ыстық жасты іркіп, біраз тұрды, содан дүңгіршегінің жарығын да өшіруді ұмытып, таза ауаға ұмтылды. Есік алдына шыққан бойда, екі адым аттамай жатып, арықтың шетіне мұрттай ұшты…

* * *

Азаншы шаштараздың жанынан өтіп бара жатып, оның жарығы жанып тұрғанына таңғалды. Таң сәріден, әтеш шақырғаннан мешітке барып азан айту – бұл кісінің әдеті. Мысырда жоғары діни білім алып келген азаншы осы ретте де, он бес жылдан бергі ісін атқаруға асығып келе жатып, арық бойында жатқан адамды көзі шалған кезде, әуелі абдырап, үрейленіп, қорқып кетсе де, Алласын аузына алып, тілін кәлимаға келтіруге үлгерді. Мас екен деді содан, жанынан өте берді, арық бойында жатқан адамнан азаншы жиіркеніп, оның бір пәлесі ақ шапанына жұғып, содан сәлдесіне өтіп кетердей артына қарамай безе берді…

Бір кездері арықта жатқан адаммен азаншы да кездескен-ді.

О кезде арықтағы бейшара атағы жер жарған ұста еді. Сүндетке отырғызатын. Көктем келіп, балдардың еті жібігенде, осы «Шаштараздың» жап-жаңа, дүрілдеп тұрған кезі, ауданның барлық ауылдарынан «баламды сүндетке отырғызатын едім», «жиенімді адалдап беріңіз», «ұлымды мұсылман етіп қойыңыз», «ырымдайын деп едім» деген шақырумен таныс та, бейтаныс та адамдардың қарасы үзілмей келіп-кетіп тұратын. Ол кезде бас тарту жоқ, сүндеттеуші бәкісін жан қалтасына салып, бір жапырақ мақтасын, киізін, спиртін даярлап, қамысын қамдап жолға шыға қалады. «Келіңіз, ұста, келіңіз» деп барған жері ізет көрсетіп күтіп алып, тонын кигізіп, сәлем-сауқатын түйіп беріп, қолынан келгендер бес-он сомын да аямай, ұстаны қошеметпен аттандыратын. Әйтпегенде, ол кезде хирургтар жоқ, ауданда балаларды мұсылман қылатын жалғыз адам осы. «Қолы жеңіл, бәріміз осы кісінің қолынан шыққанбыз» дейтін еді ауданның еркек атаулысы. Қайда барса да, «келіңіз-келіңіз», қайда барса да «төрге шығыңыз».
Міне, сол кісі – осы, арық бойында шаңға аунап, денесі мұздап барады.

Әлгі азаншының әке-шешесі балаға зар болып бес жылдай құдайдан тілеп жүріп, перзентсіздік дертінен жүрек оты сөнер шақта келіннің құлағына әлдекімдер сыбырлап, сүндеттелген баланың шүметейінің кесілген етін жесең, ол жағы Алладан ғой, әрине, алайда осылай балалы болғандар бар екен демесі бар ма. Мұны естіген еркегі ұстаның ізінен бір жұма қалмай жүріп, сүндетке отырған баланың жұмсақ етінен біршама адамнан соң кезегі жеткенде, ептеп ұстаға «әке-көке» деп жүріп алып келген. Соны жегеннен бе, не құдайдың құдіреті ме, әйтеуір, соңғы жылы келіннің бойына бала бітіп, кейін осы бала, қазір ғана осы жерден өткен азаншы, дүниеге келіпті. Жастайынан молдалыққа оқып, дін маманы атанып, уағызды тамылжытып айтқаны жамағатқа жағып, азан айтуға өтіп кеткен…

* * *

Мешіт жақтан азан естілгенде, намазға кешіккен тағы бес-алты адам арық шетінде құлап жатқан бейшараның жанынан өте бергенде жалт-жалт қарап, бірақ әрқайсысы көрмегенсіп, жолын жалғай берді. Бамдатқа дәрет алып бара жатқан бұлардың бәрін сол ұста адалдаған-ды. Қорқып тұрған, жылап жатқан, шешелері аппақ сейсепті төсек салып дайындап тұрған баланың үстіне ұста кірген сәтте, ол жерге жарық таң шапағы кіргендей басқаша жылулық, сүйкімділік орнап қоя беретін. «Бұл ұстаның басқаша бір жайма-қоңыр жылулығы бар» десетін, «балаларды мейір шуағымен арбап алады» деуші еді, «осы ұстаны бізге жіберген аллаға мың шүкір» десетін.
Сол уақытта осы арадан өтіп бара жатқандардың бәрінің әке-шешесі осылай деген. «Қане, балам, «насыбайыңды» көріп, бір майлап қояйық» деп бастайтын ұста сөзін. Содан шынымен баланың «насыбайын» майлап, жұмсақ етіп басқаша бір жағымды уқалап-уқалап, терісі әбден қызғанда кішкене шымшып тұрып, қолын спиртпен жуып, содан болат ұстарамен лып еткізе қоятын. Балдардың білгені біледі, білмегені анасы берген ойыншыққа алданып жата береді. Ұста болса көне киіздің жұлымын күйдіріп, қан шығып жатқан жерге ақырын басып қояды. Сонда ғана «мұсылман болуыңмен», «жігіт болуыңмен», «сүндеттелуіңмен» деп туыстары балаға ақшасын, тапқан-таянғанын алып келеді, ұстаның болса алдына ас, үстіне тон тартылады. Одан ары ұста есікте сарғайып күтіп тұрған тағы басқа баланың әкесін ертіп шығып кетеді.

Сөйтіп ұста келген ауылдардағы үш немесе бес жастағы балалар шетінен жапыр-жұпыр сүндеттеліп қалады. Балалар бірі-бірінен «сені кім отырғызған» деп сұрайды, «бәленше ұста» деп біздің ұстаның атын мақтанышпен айтып жататын еді. Жетім балалардың, әкесі алыс сапарға кеткендердің үйіне өзі арнайы барып, о жердің жағдайы болса, балаларын сүндеттеп шығып кетеді. Жағдайы болмаса, өзімен ертіп кетіп, үйіне алып барып, мұсылман етіп қайтарады.
Сол балалар – қазір үлкен кісілер, мына ұстаның жанынан бірде-біреуі қайырылмастан, топырлап намазға өтіп барады…

* * *

Тағы төртеуі өтті. Екі әке, екі бала. Әкелері қартаң тартқан. Балалары орта жастан ауған. Бұл орта жастағы кісілердің жанындағы кәрі әкелері кезінде бардам еді, екеуі тең коммунист болған, біреуі райкомда нұсқаушы ма, басқасы ма, әйтеуір, бір белсендісі болушы еді, екіншісінің әкесі колхозда парторг болды. Екеуі де кезінде анау жоғары жақтан сескеніп, баласын сүндеттеді деген партиялық жаладан қорқып, сол балаларын осы ұстаның үйіне алып келіп, ас-ауқатын бастан асырып тастап кеткен-ді. Сонда ұста өзі ырымдап, бәрін қамырдан қыл суырғандай тындырып, содан әлгі шоңдардың қолына салып берген. Енді бұл екеуінің «коммунизм құрған» әкелері де молда болып, «бұл – адал, бұл – арам» деп әңгіме айтып отырады, оқта-текте дағауатқа да шығып қалады. Сол кезде ұстаның қолына балаларын тапсырған ескі коммунист – қазіргі молдалар да, он күндей дәм-тұзын татқан екі бала да, осылай әке орнына әкелік парызын атқарып, мұсылман еткен адамның жанынан жиіркеніп өте берді…

* * *

«Ұста» атанып, «ұста» даңқымен талайға жеткен бұл кісінің ісін кейін дәрігерлер жасайтын болды. Адамдар ескінің сарқыншағы деп ұстаны шақыруды қойды. Ол түгіл оны «шошақкесер» деп келемеждеп қалатындар да табылды. Сонда да ол ел қиналмай табатын болсын деп, жай ғана ашқан «шаштаразын» жаппай, өткен-кеткеннің шашын алумен әлектеніп жүрді. Қайткенде де бара-бара шаш алдырғандар да бұл жерге сирек бас сұғып, ақыры барып күніне келсе, бір-екеуі келіп, келмесе жоқ, бұлғаңдаған сандалбайлар бірте-бірте арақ ішетін жерге айналдырып, соңында өзі де қалайша соларға қосылып кеткенін білмей қалды. Бағады-қағады деген балалары да «коммерсант боламыз» деп бір жерлерге тентіреп қараларын батырды.

* * *

Намазгөйлер таң намаздан қайтты. Олар арық шетінде жан тапсырған ұстаны көрсе де көрмегенсіп, төмендегі көшедегі кісі өлген жерге бет көрсету үшін асығыс-үсігіс өтіп кете берді.
Ал ұстаға ертең келеді…

Қырғыз тілінен аударған
Гүлнұр Қыранбайқызы 

Бүгін, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз