Еліміздегі машина жасау саласының сәтті дамып келе жатқандығының жарқын бір мысалы – өзімізде шығарылатын «Тұлпар-Тальго» вагондары. Олардың түп атасы Испаниядағы Patentes Talgo компаниясының тұрақты және ауыспалы электр тоғымен жұмыс істейтін жүйрік пойыз құрамы екендігі белгілі.
Қазіргі күні Patentes Talgo вагондары Испанияның өзімен қатар Өзбекстан, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде жүйткіп жүр. Әр ел оған өзінше ат берген. Мәселен, ресейліктер «Стриж» деп атаса, Өзбекстанда мұндай пойыз «Афросиаб» деген атқа ие болған. Ал отандастарымыз оны «Тұлпар-Тальго» атағандығы белгілі.
Осы арада бір айта кететін мәселе, Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдері осындай жылжымалы құрамды Испаниядағы компаниядан сатып алып пайдаланылатын болса, Қазақстан мұндай вагондарды соңғы жылдары өзі шығара бастады. Бұл істі «Қазақстан темір жолы» АҚ қолға алып, сәтті жүзеге асырды. Атап айтсақ, 2011 жылы Астанада осы вагондарды шығаратын зауыт салынды. Бұл жаңа технологиялы өндірістің құрылысы испандық Patentes Talgo компаниясымен бірлесіп жүргізіліп, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асты. Жаңа зауыт қазірдің өзінде 400-ден астам вагонды шығарып үлгерді. Соның нәтижесінде мұндай вагондар еліміздің әрбір өңіріне қатынайтын болды. Сондықтан «Тұлпар-Тальгоның» қызметін қазір отандастарымыз түгелдей пайдалана бастады десек, шындықтан алшақ кете қоймаймыз.
Бүгінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының жаңа түрі шығарылып, ол вагондардың Бетпақдала өңірінде сынақтан өткізіліп жатыр. Сынақ Қарағанды облысының Мойынты және Киік стансаларының арасында жүргізілуде.
Аталған мақсат үшін вагондардың 8 түрін сертификаттауға әзірлеуге келісім жасалынған. Сынақтан өткізу жұмысын теміржол көліктерін сертификаттаудың еліміздегі орталығы жүзеге асыруда.
Айта кетейік, мұның алдында вагон қораптарының беріктігі Германияның Лейпциг қаласындағы IFFEngineering&Consulting орталығында сынақтан өткізіліп, теміржол көлігі қауіпсіздігінің барлық нормативіне сәйкес келетіндігі анықталған болатын.
Маусым айында вагондардың жылу, желдеткіш және ауа баптағыш жүйелерінің тиісті өлшемдерге сәйкестігі Австрияның Вена қаласындағы RTARailTecArsenal орталығында сынақтан өткізілді. Мұнда да оң қорытынды алынды.
Үстіміздегі жылдың шілде айында динамикалық сынақтан өткізуге 29 вагоннан тұратын екі құрам жіберілді. Қазіргі күні құрамдардың бірінің тежегіш жүйелеріне алдын ала сынақ жұмыстары жүргізілді. Екінші құрамның шағын және орта радиустегі қисық жолдардан өткен кездегі қозғалу қабілеті мен сипаты тексерілді. Осы екі жұмыс бойынша да оң баға берілді.
Енді бұл вагондардың жоғарыда айтылған өзіндік ерекшеліктеріне келейік. Бірінші кезекте, вагондардың барлық түрлерінің интерьерлік дизайнына өзгерістер енгізілген. Соның нәтижесінде «Турист» вагондарының отыруға арналған орындықтары бар мүлдем жаңа түрі әзірленді. Вагондардың бизнес-кластық әрбір купесі жуынғышпен және шағын үстелшемен жабдықталған. Гранд-класс вагондары барлық қолайлылық қажеттіліктерімен қамтылған. Мүгедектер мәселесі де ескерілген. Оларға арналған купелердің есіктері екі жаққа жылжып ашылады.
Оның үстіне «Тұлпар-Тальгоның» барлық жаңа вагондарының ені 25 сантиметрге, ал биіктігі 22,4 сантиметрге кеңейтіле түсті. Санитарлық тораптар бұрынғыға қарағанда 1,8 есе кеңейтілді. Сондай-ақ ұйықтауға арналған орындар да кеңейтілді. Вагондардың дәлізі бұрынғыға қарағанда 10 сантиметрге кеңейе түсті.
Бізге келіп түскен деректер бойынша биылғы жылдың өзінде жұртшылықтың пайдалануына дәл осындай 149 вагон тапсырылатын болады. Осының негізінде «Астана-Алматы» және «Алматы-Шымкент» бағыттары бойынша жаңа вагондармен қамтылған жаңа пойыздар жолға шығады. Сөйтіп, осы бағыттағы «Тұлпар-Тальго» пойызының қатынауы күніне екі рет ұйымдастырылмақ. Ал қазіргі күні елімізде «Тұлпар-Тальго» пойыздары қатынайтын 12 бағыт жұмыс істеуде. Бұл бағыттар еліміздің барлық облыс орталықтарымен байланыстырады.
Руслан Достаев