Төрт түлікке берілетін «Сыбаға», «Құлан» сияқты әртүрлі бағдарламалармен субсидия берілген алғашқы жылдары қорасында тышқақ лағы жоқтардың өзі ебін тауып «сыбаға» алып жүрді. Қалай дейсіз бе? Біреудің қорасындағы қойын, сиырын суретке түсіріп «Пәлен қойым, түген сиырым бар. Енді осыған субсидия беріңдер, «Сыбағадан» сыбаға беріңдер» деп, орайын тапқандар екі-үш асады. Мұның бәрі кезінде айтылған, жазылған болатын.
Енді сондай пысықтар Керекуден бой көрсетті. Павлодар облысында бірнеше шаруа қожалығы Ресейден ірі қара мал сатып алу үшін «Сыбаға» бағдарламасымен мемлекеттен 233 миллион теңге көлемінде субсидия алған ғой. Алайда қаражат өз орнымен жұмсалмапты. Ақша алған, мал жоқ. Тексеру кезінде қожалықтардың кейбірі көрші елден мал әкелмегенін анықтады. Бұл туралы қаржы министрлігінің қаржы мониторингінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Экономикалық тергеу қызметі Мемлекет басшысының көлеңкелі экономикамен күреске қайта бағыттау тапсырмасын іске асыру үшін қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері «Қазына» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтаған.
Субсидия алу өтініштеріне және ірі қара мал сатып алу-сату шарттарына сәйкес, 2018-2019 жылдары облыс агрокәсіпкерлері Ресей кәсіпорындарынан «Герефорд» тұқымды 1447 бас ірі қара мал сатып алып, Қазақстанға әкелген. Алайда, Ресейдің уәкілетті органдарының мәліметі бойынша, мал эскпортын Павлодардағы шаруа қожалықтары жүзеге асырмаған. Яғни мал сатып алмаған.
Қаржы министрлігі қаржы мониторингінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Тінту жүргізу кезінде мөр, оның ішінде Ресейдің уәкілетті мемлекеттік мекемелерінің таңбасы, кеңсе жабдықтары, ақша, бухгалтерлік және басқа да құжаттар тәркіленді. Күдіктілерге қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөліміне сәйкес іс қозғалды. Айыптылардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы орындалуы мүмкін. Күдіктілер 96 млн теңгеден астам келтірілген залалды республикалық бюджетке өтеді. Тергеу амалдары жалғасуда», – делінген. Міне, олардың әуелдегі көксегені «Сыбаға» еді, сыбағаларын алды.
Мұндай жағдай былтыр ғана болған. Солтүстік Қазақстан облысында тағы осындай бір шаруа қожалығы шетелден асыл тұқымды сиыр әкелеміз деп, қарапайым мал әкелген болатын. Ол да мемлекеттің ақшасы еді. Желге ұшқан қайран қаржы. Ал баяғыда, шетелден сиыр әкелу «науқаны» басталған алғашқы жылдары ұшаққа тиелген аша мүйізділер біздің жерге түскенде, басы кеміп, тұяғы азайып қалған жоқ па? Сол жылдары қаншама асыл тұқымды сиыр шетелден келе сала ауырып, өртеп, сүйегін көміп құтылғанбыз. Шетелден жаппай сиыр тасыған сол жылдары кейбір мамандар: «Аналық малды шетелден тасудың қажеті жоқ. Шетелден бұқа әкеліп, жергілікті малды асылдандырсақ, шығын аз, қаражат көп кетпес еді» деген болатын. Бірақ оны естіген құлақ болмады. Мал өсіреміз дейміз-ау, тағы…
Жарас ШӨКЕ