Судья жоғары мәртебеге лайық болуы тиіс!

25 қараша 2016, 15:24

Осы аптада Астанада Қазақстан судьяларының VII съезі өтті. Судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан үлкен жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесіндегі реформалардың нәтижесін саралап, алдағы маңызды мақсат-міндетін айқындап берді. Бұл съезд ел судьяларының жаңа Әдеп кодексінің қабылдануымен есте қалмақ. Жиында талқыланған мәселелер төңірегінде Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы, Астана қалалық сотының судьясы Сайран Әлімбаевамен сұхбаттастық.

dsc_6275-1

Жас қазақ: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әділқазыға қатысты «Ең бастысы – халық сенімі» деп айтып келеді. Бүгінде сот жүйесіне деген халықтың сенімі қандай? Себебі азаматтар әлі күнге дейін Президентке хат жазып, сот шешіміне шағымданады…
Сайран Әлімбаева: Иә, бұл жөнінде съезде Мемлекет басшысы өзі айтып өтті. Былтыр Президент Әкімшілігіне ел азаматтарынан заңдылықтың сақталуына байланысты 10 мыңға жуық, ал биыл он айда 7 мыңнан астам шағым келіп түскен. Яғни сотқа сенімсіздік әлі де бар деген сөз. Елбасы осы шағымдарды азайту үшін жұмыс істеу керектігін атап өтті. Бұл тек судьяларға деген сенімсіздіктен туып отыр деп айтуға да болмайды. Оның көптеген себебі бар. Президент екі жақ бірдей сотқа риза болмайтыны туралы жөн айтты. Бір тараптың міндетті түрде көңілі толмай кетеді. «Сондықтан неліктен осындай шешім шығарғанын судья түсіндіру керек» деді Мемлекет басшысы.

dsc_6301
Бұл өте дұрыс мәселе. Бізде процесуалдық шектеулер бар. Мысалы, судья сот мәжілісі кезінде заңды түсіндірмеуі тиіс. Мұны кім айтуы қажет? Сотқа дейін адвокаттар айту керек. Съезде Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми бұл мәселені біржақты қарауға болмайтынын алға тартты. Яғни бірлесе жұмыс істеп, қоғамда құқықтық түсіндіру жұмыстарын көп жүргізу қажет. Бүгінгі күні азаматтар заңды толығымен түсініп, оны егжей-тегжейіне дейін біледі деп айта алмаймыз. «Менің талабым – заңға сәйкес келмейді, сондықтан сотқа бармай-ақ, мәселені өзім шешуім керек» деген құқықтық сана қоғамда әлі жоқ. Сондықтан азаматтардың құқықтық білімін көтеріп, қорғаушылардың жұмысын бір жүйеге келтіру міндеттері қойылып отыр. Бұл тек соттың жұмысы ғана емес.
Жас қазақ: Ал соттың ашықтығын қамтамасыз етуде нәтиже қандай?
Сайран Әлімбаева: Мен баспасөзбен үйлестіруші (баспасөзбен жұмыс істейтін) судьямын. Бұрын сотта мұндай судья болмаған. Бұл тәжірибе соңғы 3-4 жылда ғана енгізіліп отыр. Яғни бұл ашықтық пен жариялылыққа бір қадам деген сөз. Үйлестіруші судья соттағы жүріп жатқан жұмыстарды журналистерге, қоғамға, үкіметтік емес ұйымдарға жеткізіп отыруы керек. Менің ойымша, әрбір судья осы дәрежеге жету қажет. Әр іс бойынша шығарған шешімін судья бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жеткізе алса, сонда толыққанды ашық сот болады деп есептеймін.
Жас қазақ: Съезде Нұрсұлтан Назарбаев қолындағы билігі мен ақшасы арқылы сотқа қысым жасайтын адамдарды бүкіл Қазақстанға жария ету қажеттігін айтты. Ал судьялар ондай адамдардың атын атап, түсін түстеуге дайын ба?
Сайран Әлімбаева: Өте дұрыс ұсыныс. Жалпы, судьяның екі кепілдігі бар. Біріншіден, сот жүйесі ешқандай органға тәуелді емес, дербес билік. Екіншіден, судьялар Президенттің Жарлығымен тағайындалады. Сондықтан біздің тәуелсіздігіміз заң жүзінде қорғалған. Әрине, лауазымды қызметте отырған адам билігін көрсеткісі келеді. Қоқан-лоқы жасаған тұлғаларға сот арқылы күшін де дәлелдеуге қарсы емес. Ақшасымен, билігімен сотқа өзінің айтқанын істеткісі келетіндер бар. Осындай жағдайлар болмас үшін оларды қоғамға жария ету қажет. Мысалы, мынадай министр сотқа қысым жасап, қандай да бір істі былай шешуді айтты деп жариялап, жазаласа, екінші лауазымды тұлға ондай әрекетке бармайды. Әрине, бұл істі судьялар өздері қолға алуы тиіс. Судья айтып, көрсетпесе, кім мұны істейді. Өз басыма лауазымды тұлға хабарласып, «осы істі былай шешіп бер» деп айтып көрген емес. Біз заңға сәйкес шешім шығарамыз. Егер біреудің айтуымен жұмыс істесем, мен несіне судья болып отырмын. Біз тек қана заңға, Конституцияға бағынуымыз қажет.
Жас қазақ: Республика судьяларының съезі төрт жыл сайын өтетінін білеміз. Бірақ 2017 жылға жоспарланған жиын биыл ұйымдастырылды. Судьялардың кезектен тыс съезін шақырудың қажеттілігі неден туындады?
Сайран Әлімбаева: Иә, шын мәнінде, биылғы съезд кезектен тыс өттi. Соңғы жиын 2013 жылы қараша айында болған едi. Қазiргi уақытта елiмiзде, сот жүйесiнде болып жатқан тың өзгерiстерге байланысты биыл кезектен тыс өткiзу мәселесi туындады. Жалпы, судьялар қауымы әрбiр съездi асыға күтедi. Өйткенi әр басқосуда өткен кезеңде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы уақыттың бағыт-бағдары белгiленедi. Елбасы айқындаған мақсат-міндеттер бойынша съездер аралығында сот жүйесi жұмыс істейді. Жетiншi съезде соттың жұмыс сапасын жақсартып, беделін нығайту, судьялардың кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру, оның жоғары дәрежелi келбетiн қалыптастыру мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев соттың абыройын көтеру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаудағы судьяның рөлi туралы айтты. Жетiншi съездiң тарихи маңыздылығы судьялардың жаңа әдеп кодексiнiң қабылдануы болып отыр. Ең алғашқы судьялардың әдеп кодексi 1996 жылы бiрiншi съезде бекітілген болатын. Ол барлығы 7 баптан тұрды және судья әдебiнiң көптеген аспектілерін қамтыған жоқ. Нәтижесінде судьялардың үшінші съезінде кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Қазіргі қолданыстағы кодекс бесінші съезде 2009 жылы қабылданған.
Жас қазақ: Жаңа кодексте әдеп нормалары біршама қатаңдатылған секілді. Сонымен, қазiргi судьяның моральдық-адамгершілік келбетi қандай болуы тиiс?
Сайран Әлімбаева: Судьялардың жаңа әдеп кодексі отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Ол Еуропа кеңесінің венециандық комиссиясының мақұлдауынан өттi. Ал ақпан айында жоба Жоғарғы Сот жанындағы халықаралық кеңес отырысында қаралып, қолдау тапты. Жаңа әдеп кодексінің бірінші бабында былай жазылған: «Судья берілген антына берік, оның әрекеті лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Судья сот билігінің беделін түсіруге, сот төрелігінің тәуелсіздігіне күмән келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуы қажет». Яғни судья өзінің лауазымына кір келтіретін әрекеттерге жұмысында ғана емес, күнделікті тұрмысында, отбасында жол бермеуі тиіс. Өйткені біз қоғамда өмір сүреміз ғой. Судья атағына титтей болса да зиян келтіруге құқығымыз жоқ. Ішімдік ішетін, көңіл көтеретін жерлерде болмауымыз керек. Барған күннің өзінде әдеп сақтау өте маңызды. Сонымен қатар судья тек өзінің емес, отбасы мүшелерінің беделін де ойлап, іс-әрекеттерін қадағалап отыруы қажет. Мәселен, мен жолдасыма, үш балама «судьяның отбасы болғандықтан, әдеп нормаларын сақтауға сендер де міндеттісіңдер» деп айтып отырамын. Осылайша, тек бізге ғана емес, отбасымызға да жауапкершілік жүктейді. Тек жүріп тұруын ғана емес, отбасы мүшелерінің материалдық жағдайын да қадағалап отырамыз. Егер олар қымбат зат алатын болса, оның қайдан келгенін мен білуім керек. Өйткені, менен сұрап қалса, жауап беруге әрқашан дайын болуым қажет. Сондай-ақ судья саясаттан аулақ болуы тиіс. Бізге әлеуметтік желіге тіркелуге болмайды деген шектеу болмаса да, онда саяси пікірімізді білдіруге құқығымыз жоқ. Саяси партияларға да мүшелікке өтпейміз. Сауда-саттық, бизнеспен де айналыса алмаймыз.

Сұхбаттасқан
Айымгүл Мұратқызы

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде