Астана әкімдігіне қарасты «ЖасНұр» кәсіпорны Астана қаласының тұрғындарынан түскен өтінішті қарайтын болды. Естеріңізде болса, Астана қаласының халықаралық әуежайының маңында құстардың өліп жатқанын суретке түсірген қала тұрғындары әкім Әсет Исекешевтің әлеуметтік желідегі парақшасына арыз түсірген еді. Осыған байланысты ҚазАқпарат агенттігі қала әкімдігіне, тиісті органдарға сауал жіберіп, бұл фактінің мән-жайын анықтауға тырысты.
Айта кетейік, «ЖасНұр» кәсіпорны — қала аумағындағы жабайы құстар мен жан-жануарлардың таралу аймағына мониторинг жасайтын мекеме. «ЖасНұр» кәсіпорнының қызметкерлері қырылып жатқан құстарды көрмеген .
«Біз өлген құстарды көрген жоқпыз, тиісті сигнал да келген жоқ, бірақ, тұрғындар көріп, суретке түсіріп алған болса, біз фактіні тексереміз. Дегенмен, құстар жаппай қырылған болса, біз міндетті түрде білетін едік, санитарлық-эпидемия станциясы, ветеринарлар, төтенше жағдай қызметкерлері дабыл қағатын еді. Бірақ, суретке түсіріп алса, оқиғаның болғаны рас қой. Апта соңына дейін тексеріп, сол жерге барып, жауабын берейік», — деді бұл оқиғаны естіген «ЖасНұр» кәсіпорнының жетекшісі.
Фэйсбук әлеуметтік желісінде халықаралық әуежай маңында өлген құстардың суреті жарияланған еді. Оның айтуынша, әуежай маңында құстардың көбі өлімші халде жатқан, сондықтан, тұрғындар вирус бар ма деп қауіптенген. Ал, Ардақ есімді азаматша Астана әуежайына қонған соң, қалаға бет алған кезде, кішкентай қызы екеуі құстарды аяп, арасынан біреуін үйге алып кетіпті. Себебі, қызы құстың қанаты сынған деп бой бермесе керек. Бірақ, құстың қанаты сынбаған, үйге әкелгеннен кейін бір-екі сағаттан соң, өліп қалған, ал қыз бала бірден ауырып қалыпты. Сондықтан да Ардақ Әсет Исекешевке сауал жолдаған екен.
Оқиға әуежай маңында орын алған соң, халықаралық әуежайға да хабарластық. Көп жағдайда ұшақтардың қауіпсіз ұшып-қонуы үшін құстар кедергі жасайтыны бар.
Бірақ, құстардың қырылуына Астана халықаралық әуежайының қатысы жоқ екен. Себебі, әуежайдың берген ақпаратына сүйенсек, аэродром қызметі құстарды тек шу шығаратын құралдың көмегімен үркітеді екен. «Құстарды үркіту үшін химиялық заттар пайдаланбайды» деп сендірді әуежай қызметкерлері.
Құстардың қырылу фактісі бойынша енді «ЖасНұр» табиғатты қорғау кәсіпорнының жауабын күтеміз.
ҚазАқпарат