Спортшының қаруы – намыс

19 ақпан 2016, 15:16

Жас толқынның тәрбиесіне үлес қосу – алдыңғы буынға міндет. Орайын тауып, тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Үлгі бола біліңіз. Сондай тұлғаның бірі – Афины Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев журналист Ерлан Әбдірұлы жүргізетін «Жарты сағат» бағдарламасына келіп, қазақ спорты, жастық шақ, мінез, адамгершілік тақырыбында сұхбат берді.

Ерлан Әбдірұлы:
Бақтияр мырза,
чемпион болу үшін спортшыға қандай мінез керек?
Бақтияр Артаев: Спортшыға ең бірінші намыс керек. Бүтін бір мемлекеттің намысы сенің мойныңда тұрғанын сезінуің керек. Осыны сезіне алған адам міндетті түрде жеңіске жетеді.
Ерлан Әбірұлы: Патриот азаматты қандай әрекеттері арқылы тануға, бағалауға болады?
Бақтияр Артаев: Елін, жерін, халқын сүйетін азамат осы елдің әрбір адамын, әрбір дүниесін бағалайды. Алған білімін, ілімін, тәрбиесін тек қана өз мемлекеті үшін жұмсайды.
Ерлан Әбдірұлы: Ал бұл сезім азаматқа қанмен беріле ме, әлде тәрбиеден бе?
Бақтияр Артаев: Отансүйгіштік – ең алдымен, ана құрсағынан басталады. Кейін ана сүті, бесіктегі тәрбие, үйде айтылған әңгіме, өсе келе, жүрген ортасы арқылы қалыптаса бастайды. Тәрбиенің негізі – біздің салт-дәстүрімізбен біте қайнасып жатқан асыл дініміз Исламда. Қазақта «түйсігіне берсін» деген жақсы сөз бар ғой. Адамның түйсігінде елін, ұлтын сүйетін сезім бар болса, ол – рухы мықты, сөзіне берік азамат болып өседі.
Ерлан Әбдірұлы: «Отанды сүю – иманнан» дейсіз ғой?
Бақтияр Артаев: Иә. Біздің асыл дінімізде басшыға бағыну, ата-ананы ардақтау, көршіні құрметтеу, туысты сыйлау, басқа бір мұсылманға зиян тигізбеу – осының бәрі айтылған ғой. Міне, Отан дегеніміз – осы айтылғандардың барлығы.
Ерлан Әбдірұлы: Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Елбасымыздың «Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек» деген сөзі бар ғой. Осы сөзді сіз қалай тарқатар едіңіз?
Бақтияр Артаев: Аш-жалаңаш емеспіз, жұмысымыз бар, кішігірім болса да кәсібіміз бар. Біраз шет мемлекеттерде болдым ғой, біздің елде оқимын, өсемін, байимын деген адамға мүмкіндік жоқ емес. Енді осы тыныштығымызды бұзбай, «барға – қанағат, жоққа – сабыр» ете білсек, ұтылмас едік.
Ерлан Әбдірұлы: Интернеттегі кейбір пост, пікірлерге қарасаңыз, ел басқару – оңай іс сияқты. Бірнеше лауазымды қызметтер атқарған азамат ретінде осыған не айтар едіңіз?
Бақтияр Артаев: Қолында билігі бар адамға айтылатын сын, тағылатын мін көп болады екен. Ақша жүрген жерде сұраныс пен тексеріс те көп. Күн сайын өзінің мәселесін айтып, алдыңа жүздеген адам келеді. Оның бәріне көмек бергің келеді. Бірақ жалпыға бірдей қол ұшын беру – мүмкін емес. Елдің бәрінің көңілінен шығу да мүмкін емес екен. Сондықтан ел басқару – ешқандай да оңай шаруа емес дер едім. Ал интернеттегі батырларға және өзім сияқты жігіттерге Жақсылық Үшкемпіров ағамызды үлгі етер едім. Бір ауылды жұмыспен, етпен, сумен қамтамасыз етіп, жағдайын жасап отыр. Сынау – оңай. Мықтысың ба, елге пайдаң тисін, ісіңмен дәлелде!
Ерлан Әбдірұлы: Өзіңіз айтқан Жақсылық Үшкемпіров немесе басқа да ағаларымыз секілді тұлға болып қалыптасу үшін қайтпек керек? Қазақ жастарына нендей насихат айтар едіңіз?
Бақтияр Артаев: Жастар бар мүмкіндікті пайдаланып, білім алуы керек. Өте сауатты, иманды болса екен деймін. Біздің жастар – өте еліктегіш. Бұл, әрине, сондай жаман қасиет те емес. Бірақ еліктейтін адамды таңдай білу керек.
Ерлан Әбдірұлы: Бақтияр мырза, сіздің шетелде білім алып жатқаныңызды білеміз. Бұл – өзіңізді басқа қырыңыздан сынап көру ме, әлде басқа себебі бар ма?
Бақтияр Артаев: Біріншіден, менің табиғатым үнемі ізденісті, жаңашылдықты қалап тұрады. Бір орында тоқтап қалудан артық қиындық жоқ, мен үшін. Екіншіден, әр қазақтың сауатты болғанын қалаймын. Және оны өзімнен бастауды да жөн санадым. Үшіншіден, жоғары білім алып келіп, Отаныма пайдамды тигізсем деген ниетім бар.
Ерлан Әбдірұлы: Сыртта жүргенде шетелдіктердің мәдениеті мен руханиятын өз елімізбен салыстырып қарайсыз ба? Қандай ой түйдіңіз?
Бақтияр Артаев: Білесіз бе, Ерлан, біз «шетел, шетел» деп аузымыздың суы құрып айтамыз ғой. Иә, олар мәдениетті шығар, иә, олар білімді шығар. Бірақ олар қазақ секілді бауырмал, ақкөңіл, қонақжай емес. Бір-бірімен көп тілдеспейді, бір-бірімен дұрыстап амандаспайды, көршілер қоңсысына қонаққа бармайды. Ал кез келген қазақтың күнтізбесін қараңызшы – дүйсенбі күні шілдехана, сейсенбі – тұсаукесер, сәрсенбі – сүндет той, бейсенбі – құдалық, жұма – беташар, сенбі – үйлену той, жексенбі – мерейтой! Қандай керемет, иә?! Біздің елде мүмкіндіктің бәрі бар. Аллаға шүкір, ауызбіршілігіміз бен адамгершілік құндылықтарымыз жоғалған жоқ.
Ерлан Әбдірұлы: Сіздің мына сөзіңізден соң, есіме түсіп отыр, былтыр Ұлыбританияға барған іссапарымда лорд Ротерхем деген Ұлыбритания Парламенті мүшесімен сұхбаттасқан едім. «Біз – ата-әжемізбен бірге тұрамыз» десем, таң қалып жатыр…
Бақтияр Артаев: Олардың таңырқауы орынды. Өйткені, ағылшындар ата-әже тұрмақ, 18 жасқа толған соң, әке-шешелерімен бірге тұрмайды.
Ерлан Әбдірұлы: Сіз – қарапайым адам ретінде ең жоғарғы марапатқа бөленген жансыз. Және қарапайым адам ретіндегі дүниедегі ең қиын сынақтарды да көрген азаматсыз. Осы сынақ пен сый-сияпаттар арасында өзіңді, адамшылығыңды жоғалтып алмау қаншалықты қиын?
Бақтияр Артаев: Өте қиын. Мені біреу мақтап жатса, құрметтеп жатса – әрдайым өзімнің өткен өмірімді ойлап тұрамын. Ескі шапанын төрге іліп қоятын Аяз би сияқты. Әйтпесе, мен де ет пен теріден тұрамын ғой. Атақ-даңққа мастанып жатқандар қаншама.
Ерлан Әбдірұлы: Неден қорқасыз?
Бақтияр Артаев: Алладан қорқамын. Елімнің тыныштығы бұзылуынан қорқамын.
Ерлан Әбдірұлы: Қандай арманыңыз бар?
Бақтияр Артаев: Елімнің өркениетіне тамшыдай болса да үлес қоссам деймін.

Ықшамдап дайындаған
Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?