Спорт кешендері қаңырап тұр

01 қазан 2021, 11:36

Парламент Сенатының депутаты Нұржан Нұрсипатов депутаттық сауал жолдап, қыр астында тұрған қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысына алаңдаушылық білдірген болатын. «2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындары өтеді, яғни басталуына бес айдан аз уақыт қалды. Осы орайда өткен жазғы Олимпиада нәтижесінің қайталануын бәріміз де қаламаймыз. Осыған байланысты алдағы ойындарға дайындық деңгейі қандай? Токиодағы жағдайдың қайталанбауы үшін не істеу керек? Біздің «қысқы» құраманы іріктеу, жаттықтыру және қаржыландыру жұмыстары қалай жүргізіледі деген сұрақтар туындайды» деген еді.

Мәдениет және спорт министріне депутаттық сауал жолдаған сенаторға хабарласып, өз сауалымызды қойдық.

Jas qazaq: Нұржан Нұрланбекұлы, қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың барысы туралы құлағдар етуді сұрадыңыз. Одан сырт, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мәселесін де орынды айттыңыз.

Нұржан Нұрсипатов: Жалпы біздің Жаратқанның тарту еткен сыйы көп. Тұмса табиғатымыз қысқы спорт түрлерін түрлендіріп, дамытуға сұранып-ақ тұр. Бізде қыруар қаражатқа спорт кешендері салынды, салынып та жатыр. Солардың басым көпшілігінің есігінде құлып тұрады. Балаларға тегін үйірме деп неге ашып бермейміз? Карантиндік шектеу енгізілгелі мүлде қаңырап бос қалды.

Қайбір жылы Шортандыдан шаңғымен тұғырдан секіру кешені салынды. Ал сіз естідіңіз бе, осы спорт кешенінде әзірлік жүргізіп, халықаралық сайыстарда жүлде алған спортшыны? Болмаса, қисапсыз қаражатқа салынған кешенде қандай да бір әлемдік сайыс, салмағы басым халықаралық турнир өтті ме? Өз басым естіген жоқпын. Осындай кешендер салынды ма, балалар игілігін көруі керек. Егер спортшылар әзірлік жүргізсе, жаттығудың нәтижесін көрсеткен қандай да бір турнирден олжалы оралса, дерегі айтылуы қажет еді. Мұның бірі де жоқ. Осындай спорт кешендері балалар мен жасөспірімдерге есігін айқара ашуы керек. Таланттар ауылдан шығады. Ауылдық жерлерден де спорт орталықтары ашылып, талапты балаларды жинасақ, біз чемпиондарды өсіріп шығарар едік. Жүйесіздік басым спорт саласында. Соның кесірін, міне, Токио Олимпиадасы көрсетіп берді. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат көлемінен ешқандай да шектеу, қиып тастау жоқ. Ақша мол, соны дұрыс игеру, оңтайлы жұмсау механизмі мен тетігі дұрыс болмай тұр.

Қысқы туризм дегенің де – табыстың тұма бұлағы. Шығысымыздағы Алтай тауын туристер «Алтай Альпісі» деп атап, шаңғы тебуге келеді. Жергілікті кәсіпкер азаматтар Нұртау деп аталатын тау бөктеріне шаңғымен сырғанау алаңын ашып қойған. Ресейден басқа да елдерден қыс мезгілінде сырғанауға келушілер көп. Қысқы спорт түрлеріне арнап салынған кешендерді тиімді пайдаланып, халықтың игілігіне жарату ісін жандандыру керек.

Қысқы спорт түрлерінің кенже қалуының бір кілтипаны білікті маман тапшылығында. Білікті бапкерлерді зейнет жасына шықты деп шеттетіп жіберген әсте дұрыс емес. Әрине, бәрін де зейнет жасына жеткеніне қарамастан, жібермей ұстауға болмас. Десе де, талантты бапкерлердің білім, білігін жас буын үйренуі үшін ұстап тұруға болады. Шетелден бапкер, мамандарды шақыртады. Олар біздің жер жағдайымыздан бейхабар, менталитетімізді де түсінбейді. Келеді де қомақты айлығын алып, шайқап есіп, сүзіп ішіп, жіліктің майлы басын ұстап қарнын тоқтап кетеді. Ал нәтиже жоқ. Білікті бапкердің білімін сарып алып, жастарға үйретсек, соның пайдасы мол одан да. Кәсіби спортшыларды, даңқты саңлақтарды мансабын аяқтаған соң жібере салмай, бапкер ретінде алып қалып игілігін көруге болады.

Біздің бала күнімізде спорт үйірмелері тегін болды. Қызығушылықпен, көпке ілесіп боксқа да бардық, күресіп те көрдік, ала доптың да соңында жүрдік. Сөйтіп әрқайсысына қатысып, соның ішінде қолайыңа қай спорт түрі жағатынын анықтайсың. Қазір спорт түрлері бойынша үйірмелер көбіне ақылы негізде. Ал оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Спорт кешендері балаларды тегін қабылдауы керек дейтінім сондықтан.

Jas qazaq: Еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарында қыс төрт-бес айға созылады. Таулы аймақтарда шаңғы спортын өрістетуге арналған кешенді бағдарлама қабылдап, іске асыру осы күнге дейін көтерілген. Бірақ соңы сұйылып кеткендей. Осыны қадағалау ісі шатқаяқтап тұр ма?

Нұржан Нұрсипатов: Кешенді бағдарлама түзу, ғұмыры ұзақ болатын жоспар жасаудан алдымызға жан алмаймыз. Осында қағаз бетінде көркем әдіптеліп жасалған жобаларға қаражат бөлінеді, бірақ соның соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Қадағалау жасалса, бақылау қатаң болса, қазынаның бір тиынына дейін тиімді жұмсалар еді ғой, амал жоқ.

Қуаныш Нұрданбекұлы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?