Солтүстік Қазақстанда ұшқышсыз аппарат шығарылады

04 қазан 2023, 14:45


Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды индустриалдық-инновациялық жобалар баршылық. Соның бірі — ұшқышсыз аппарат шығару. Тың жобаны Петропавл ауыр машина жасау зауыты Қытай компаниясымен бірлесіп қолға алды. Осы аптада өңірдің жаңа басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ерекше өндіріс ошағының жұмысымен танысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында бірлесіп ұшқышсыз ұшатын аппарат шығару туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы сапардың қорытындысы бойынша еліміздегі іргелі өндіріс орындарының бірі – Петропавл ауыр машина жасау зауытында жаңа өндіріс іске қосылды. Тың жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осылайша еліміздің өнеркәсіп саласында ойып алар өз орны бар теріскейлік зауыт Орта Азия елдері арасында осындай аппарат шығаратын жалғыз кәсіпорын атанды. Кеңес Одағы кезінде 40 жыл бойы әскери техника мен зымыран шығарған Петропавл ауыр машина жасау зауыты бас директорының арнайы өнімдер жөніндегі орынбасары Тимур Нукерейдің айтуынша, Орталық Азияда мұндай дрондардың аналогы жоқ.

Инновациялық құрылғының әскери қызметте, азаматтық қорғаныс, туризм, ауыл шаруашылығы саласында пайдасы зор. Орманшылар да өз игілігіне жарата алады.

Атап айтсақ, ол суда және орманды жерлерде адамдарды құтқару мақсатында қолданылмақ. Батып бара жақтан адамға құтқару кеудешесі мен қайық лақтыра алады.

Сонымен қатар бұл – салмағы 150 килограмдық аспалы жабдық тасымалдауда таптырмас құрал, яғни адам аяғы жүре алмайтын жерлерде, мәселен, ормандар мен таулардағы, көпқабатты биік ғимараттардағы өртті сөндіруге қолайлы. Нақтылай түссек, аппарат отқа оранған ғимараттың терезесін сындырып кіріп, өрт сөндіргіш зат шаша алады. Адасқан адамдарға бағдар беріп, жол табуына көмектеседі.

Кең бейінді дрон полицейлер үшін де көмек. Тәртіп бұзушыны іздеп табу ол үшін оп-оңай. Құрылғы қылмыскердің бет-бейнесі мен орналасқан жерін қауіпсіздік қызметіне жедел жеткізеді. Белгілі бір аумақта патруль жасауға, шекараны қорғауға ыңғайлы. Оператордың экранына белгіленген аумақтың 3D бейнесін шығарады. Қажет болған кезде дабыл қағатыны тағы бар. Тапсырманы орындап болған соң оператордың көмегінсіз орнына қайтып оралады.

50 шақырымға дейін биіктікке көтеріліп, -50 градус аязда 6 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы дрондар бар. Оны инженерлік-техникалық мақсатта да пайдалануға болады. Құрылғының дәлдігі өте жоғары, топографиялық түсірілімінің ауытқушылығы жоқ дерлік, жер бедерін 3D форматында түсіре алады.

Кәсіпорында әзірге жаңа буын аппаратының төрт түрі өндірілуде. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай алдағы уақытта олардың түрлерін көбейту көзделіп отыр. Олардың арасында авиациялық керосинмен де, батарея арқылы да жұмыс істейтіні болады. Жаңа техника сынақтан сәтті өтті.

Әзірге жаңа аппараттың бөлшектерінің басым бөлігі Қытайдан жеткізілуде, отыз пайызы ғана жергілікті кәсіпорында өндіріліп, осында құрастырылуда. Таяу арада жартысы осы зауытта шығарылады деп жоспарланып отыр.
«Қазақстанда машина жасау саласында жұмыс істеп жатқан зауыттар баршылық. Тіпті осы Петропавл қаласында да Киров атындағы зауыт бар. Солармен бірлесе отырып, ұшқышсыз аппараттың қосалқы бөлшектерін жасауға тапсырыс беру ойымыз бар. Сондай-ақ өзіміздің зауытта қосымша цехтар ашылады», – дейді бас директордың орынбасары Тимур Серікұлы.

Бұл бағытта әзірге 40 адам жұмыс істеп жүр, білікті маман тапшы. Алғашқы дрондарды олар қытайлық серіктестерімен бірлесіп жасап шығарды. Енді кәсіпорын басшылығы өз жұмыскерлерін Қытайдағы зауытқа тәжірибе жинақтауға жібермекші. 9 маман аспанасты елінде екі-үш ай бойы біліктілігін шыңдамақ. Кейін бұл толығымен жергілікті өндіріс атанбақ. Қытайлықтар өндіріс желісін толығымен қызылжарлық әріптестеріне береді деп жоспарланып отыр.

Бір аппаратты құрастыруға шамамен бір айдан үш айға дейін уақыт шығындалады. Кәсіпорын тапсырыс берушінің сұранысын ескеріп, түрлі өзгеріс енгізе алады. Олардың сын-ескертпелері мен талап-тілектерін тыңдау үшін бұған дейін аппараттардың тұсаукесері өткізілген болатын. Соның нәтижесінде құрылғы жетілдіріле түсуде. Аппараттар негізінен Қазақстан нарығына бағдарланған. Оған қазірдің өзінде тапсырыс түсіп жатқан көрінеді.

«Бүгінгі таңда бүкіл әлемде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану өзекті болып отыр. Сондықтан замана көшінен қалмай, уақыт талабына сай болу керек деп санаймыз. Мен мұны жаңа технологиялар саласындағы ауыз толтырып айтар жетістік дер едім. Осы өндірістің арқасында Қазақстан өз дамуының анағұрлым жоғары деңгейіне шығады деп ойлаймын. Осы өндіріс арқылы біз еліміздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, көптеген маңызды мәселелерді шеше аламыз», — деді зауыттың бас директорының орынбасары Тимур Нукерей.

Өңір басшысы екінші тынысы ашылған кәсіпорынның әлеуметтік саясатын және даму қарқынын оң бағалады.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді