Сирияда халифат та, ислам да жоқ екенін түсіндім

02 қараша 2018, 18:13

Қасиетті ислам дінін дұрыс түсінбей, ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған асыл дініміз бен салт-дәстүрімізді, тіпті отанын тәрк етіп, Сирияға кетуді мақсат етіп адасқан қаракөздердің бірі – Алмасбай. Оны Қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-бөлігі және 172-бабының 1-бөлігімен Орал қалалық соты 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырған болатын. Алмасбай биыл 20 сәуірде түрмеден шықты. Ашық күнде адасқан азамат туралы «Jas qazaq» газетінде «Мен жалған жиһадшының әйелімін» деген тақырыпта сериялы мақала жазылып, сонда көп жағдай айтылған-ды. Авторы – жұбайы Жарқынай.

Жарқынай мақалаларында күйеуінің адасуы, сол ортада жүріп, өзін және балаларын жат ағымнан сақтап қалу жолында басынан кешкен қиындық туралы әңгімелеген болатын. Алмасбай түрмеде отырғанда да тұрмыс тауқыметін қайыспай көтерген, рухы мықты Жарқынай бүгінде екінші өмірін бастады. Жеке кәсібін ашты. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, ол күйеуін кешірді! Жастай етегінен ұстаған қосағынан бас тарта алмады. Жақында олармен кездесіп, шай үстінде асықпай емен-жарқын сырласқан едік. Сонымен, әлқисса!

Алмасбай қалай адасты?

– «Мұсылман баласына намаз оқу керек және намазсыз дүниеден өтуге болмайды» деп естідім. Сол күннен бастап ізденіс жолына түстім. Мешітке барып, бас имамға жолықтым. Ол кезде мешітте түрік ұстаз болды. Оған «Маған намаз үйретіңіз» дедім. Сөйтіп, 2000 жылы намаз оқи бастадым. 2001 жылға дейін жұма намазын қаза қылмай жүрдім, – деп әңгімесін бастады.
Алмасбайдың өмірі Ақсай қаласындағы шетелдік компанияға жұмысқа тұрған күннен бастап өзгеріпті. Оны жаңа жұмысындағы бір жігіт өзі жалдап тұрған пәтеріне бірге тұруға шақырады. Ол жігіт Исматулланың жамағатындағы зікірші болып шығыпты. 2004 жылға дейін солардың қатарында болған. Бірақ олардың істеген ісіне көңілі толмаған көрінеді.
– Көңіліңіз неге толмады сонда?
– Мешітке жібермейді. «Мешіттегілер – адасқандар, олар өтірік айтады» деді. Артынан ойласам, «Имамдар ақиқатты айтып қояды, сырымыз ашылып қалады» деп, мешітке жолатпаған екен бізді. «Ата-бабаның, Абайдың, Шәкәрімнің жолын ұстанамыз дейді де, өздерінің түпкі мақсатын білдіртпей бойыңа сіңіре береді.
– Мысалы, қазақтың табиғатына жатпайтын қандай өрескелдік байқадыңыз?
– Оларда «уазипа» ұстанымдары деген бар. Таспих санап отырып, ішіңнен зікір айтып отырасың. «Қатайған жүрегіңді жібітіп, тазартады, иманың күшейеді, күнәдан тазарасың. Сөйтіп, әулиелік дәрежеге көтерілесің» дейді. Олар үшін намаз маңызды емес. Намаз оқымай жүре беруге де болады және жұма намазына мешітке бармайды. Бастысы – зікір мен уазипа.
Маған ұнамағаны – ерлер әйелдермен бірге отырады, бірге жүреді. Мысалы, табиғатқа демалуға әйелдерді алып шығады. Әйелдерге торт сыйлайды, назар аударады, айналып келгенде, көзқарасы зинаға апарады.
Оралда Исматулланың бір түлегі болды. «Ұстаз» деді ол кісіні. Студент жігіттер сол ұстазға қыздарды үгіттеп, ілестіріп әкелетін. Ал ұстаз келген қызға «Сен ана жаққа әйелдерге бар, дінді апаларың айтып, түсіндіреді» демейді. Өзі алып қалып сөйлеседі және бәрімізді шығарып жіберіп, оңаша қалады. Оның қызға не айтатынын біз білмейміз. Бұл маған үлкен күмән тудырды. Әйел адамға дінді әйел үйретуі керек. Ер адам үйрете ме, онда қызды оңашаламай, бәрінің көзінше үйретуге тиіс.
– Дағуатқа шықтыңыз ба?
– Дағуатқа бізді бірден 40 күнге жіберді. Алматыдан кетерде «уазипа» берді. Ұстаз алақанын жаяды да «Алақанымның үстіне қолыңды қой» дейді. Бәріміз қолымызды қоямыз. Ең үстіне ол өзінің қолын қойып, жабады. Аузын жыбырлап дұға оқиды да, үшкіріп жібереді. «Болды! Осыған дейінгі күнәларың кешірілді» дейді. Бітті!
Оралға үлкен күмәнмен оралдым. Оның үстіне, жұбайым Жарқынай мешітке барып, теологтарға жолығып, бұл жолдың қате екенін айтып, маған «Қайт, бұл жолдан!» деп жалынып, көз жасын төгіп жүрген еді. Сөйтіп, зікірге бармай қалдым. «Отбасымды асыраймын, жұмыс істеймін» дедім. Олар «Ризықты Алла береді» деді. Артынша олар мені үгіттеу үшін торт алып, үйімізге келді. «Сен адасып, тура жолдан кетіп барасың» деп уағыз айтты. «Зікір салмасаң, жүрегің қарайып кетеді» деп қорқытты. Мен көнбедім. Сол кеткеннен кейін олар мені мүлдем ұмытты.
– Әрі қарай не болды?
– Қайтадан мешітке келдім. Бір жерде күзетші едім, бос күндері жалдамалы жұмыс істеу үшін мешітте танысқан жігіттерді жинап, бригада құрдым. Олар сақал қойып, балағын кескен жігіттер еді. Өзім сақал қойған жоқпын, балағым да ұзын. Имамдар «Намаз оқыған адамға сақал қоймауға да болады» деді. Жігіттерден «Неге бұлай ерекшеленесіңдер?» деп сұрадым. «Пайғамбардың айтқаны сол, орындамасаң, күнәһар боласың» деп дәлелдеді. «Мешіттегілер бидғат жасап жүр, яғни дінге жаңалық қосып жатыр» деді. Дұрыс екен деп ойладым. Көзқарасым тағы да өзгерді. «Браттардың» айтуымен аудиотаспадан шейх Халил, Дарын Мүбәров, Сайд Бурятскийдің уағызын тыңдадым. Оларды өзіме ұстаз санадым. Мешітке бармай, қасымдағы жігіттердің айтқанына еріп кеттім. Олар «Әр мұсылманның арманы – шаһид болып өлу» дегенді айта бастады.
– Сөйтіп шаһид болатын жер іздей бастадыңыз ғой, солай ма?
– Шаһид болып өлген адам Алланың алдына барғанда сұраққа тартылмайды. Жұмаққа сұрақсыз кіреді. Қазақстан – бейбіт ел, мұнда шаһид болуға еш мүмкіндік жоқ. Ал Сирияда мұсылмандар мен кәпірлер соғысып жатыр. Мұсылмандарға көмектесу керек. Интернетті қарап, «Мұсылмандарды құртуға жол бермейміз» дедік. Қасымда екі жігіт болды. Ол жігіттер де шаһид болуға дайын еді. Бір-бірімізге Сирияға барғымыз келетінін айттық.
Адам жұмаққа қызығады. Қате түсініктің кесірінен мен ойлау қабілетімнен айырылып қалдым. «Артымда балаларым мен әйелім бар, оларды асырап, қамқор болуға міндеттімін» деген ой басымнан мүлдем шығып кетті. Қара басымды ойлап, қалай да шаһид болғым келді. Оның үстіне интернеттегі бейнетаспада мұсылмандар мен әскери киімді америкалықтар соғысып жатады. Кәпірлермен соғысып жатқан мұсылман бауырларға көмектесу керек деп ойладық. Біз онда мұсылман мен мұсылман соғысып жатқанын білмедік. Өтірік түсірілген бейнетаспаға сеніп, адастық. Сөйтіп, 2015 жылдың 14 сәуір күні Сирияны бетке алып, Оралдан жолға шықтық.
– Көз де, көңіл де байланып қалатын сияқты ма, қалай?
– Әрине, солай. Біз ол кезде зомби болып қалдық қой. Ештеңе ойлай алмадық. Бар мақсатымыз – жәннәтқа кіру. Біз хадисті сол күйінде қабылдадық. Оның тәпсіріне, түсіндіруіне құлақ асқан жоқпыз. Кетуге ақша жинадық, жоспар құрдық. Пойызға, ұшаққа мінетін болсақ, бірден ұсталамыз, тиімдісі «Автостоп» болды, яғни жолдағы көлікке қол көтеріп, мініп кету. Оралдан көлік тоқтатып мініп, төрт қаладан өттік.
– Күмән тудырмас үшін сақалды алып, балақты ұзарттыңыздар ғой…
– Әрине. Сирияға барғанша деп сақалды құртып, балақты ұзарттық. Шымкентке жетіп, автобекетке бардық. Шопырларға жақындап, билетсіз мінгізуін сұрадық. Құжатты көрсеткіміз келмейді дедік. Содан бір шопыр кассамен сөйлесіп, компьютерге тіркемей, билет алып берді. Билет үшін үш адамға 5000 теңге бердік. Жолда Қордайдан түсіп қалып, шекарадан Қырғызстанға қарай өтіп кеттік. Енді Тәжікстан шекарасынан өту қалды.
Солай қарай жүретін таксидің жүргізушісі «Неғып жүрген адамсыңдар?» деп сұрады. Біз «Үмраға кетіп барамыз» дедік. Ол «Қаракемекке дейін апарып тастайтын көлік тауып берем, маған да сауап болсын» деді. Қуанып кеттік. Оның жіберген көлігіне міндік. Негізі, біздің қайда бара жатқанымызды шопыр айтпай-ақ түсініпті. Әлгілер көлікті зуылдатып әкеліп, ішкі істер бөлімінің алдына тоқтатты. Полиция есікті ашып, қолымызды қайырып ұстады да алды. Ошқа алып келді. Торға қамап, қолымызды кісендеп, жоғарыға асып қойды. Жерге отыра алмайсың, кешке дейін тамақ бермеді. Бізді елге әкететін адамдар келгенше, яғни бір тәулік бойы біз аспақталып тұрдық. 2015 жылдың 14 сәуір күні Оралдан кетіп, 21 сәуір күні Қырғызстанда ұсталдық.
– Сонымен, «шаһидшылар» елге жеткізілген соң, Оралдың «Қырық тұрба» түрмесіне қамалдыңыздар ғой.
– Иә, сонда жапты. Түрмеде алты ай тергеуде болдық. Сол жерде теологтар қателігімізді түсіндірді. Түсіндік, бірақ тым кеш еді. Сирияға барам деп жолға шыққаным үшін ешкімді кінәламаймын. Өзім кінәлімін. Білім іздемей, мешіттен қашып, соқыр біліммен адастым. Интернетті ашып қарайсың, негр ме, неміс пе, біреулер өзге тілде сөйлеп жатады. Аудармасын астына жазып қояды. Құранмен дәлелдеп, хадиспен келтіріп жатыр дейді. Соған сендік. Өмірімнің осындай болғанына қатты өкінемін. Сіз білесіз бе, қате жолда кетіп бара жатқанымды түсіндірген жолда оқыған екі рәкат намазым болды.
– Таратып айтсаңыз…
– Ол жаққа кетіп бара жатқанда екі рәкат намаз оқып, «Осы жолым дұрыс па?» деп Алладан сұрамау керек» деді жігіттер. «Егер намаз оқып сұрасаң, Алла үшін соғысуға бара жатқаныңа күмәнданғаның» деді. Бірақ мен Сирияға кетем дегеннен бастап өзімді біртүрлі сезініп жүрдім. Жүрегім тыныштық таппады. Бір күмән болды бойымда. «Халифат жарияланғанына неге мұсылмандар қуанбайды?» деген ой мазалады мені. Қырғызстанда жүргенде сол оқыма деген екі рәкат намазды оқып «Сирияға бара жатқаным менің дініме, иманыма сай ма, жәннәтқа кіруіме әсері бар ма? Егер бұл сапарым дұрыс болса, мені Сирияға жеткіз. Егер қайшы болса, маған зияны болса, жолымнан кері қайтар» деп сұрадым. Сөйтіп, Қырғызстаннан шыға алмай, ұсталдым. Сонда бұл жолдың дұрыс емес екенін ұқтым. Алла менің қателескенімді көрсетті. Бірақ менің бұлай деп айтқаныма тергеушілер де, түрмеде де ешкім сенбеді. Ақиқаты, сол екі рәкат намаз менің көзімнің ерте ашылуына себеп болды.
– Түрмеде Сириядан оралған жігіттерді кездестірдіңіз бе? Өзіңіз жете алмай қалдыңыз, ол жақта қалай екен, сұрадыңыз ба?
– Мен Петропавлдың түрмесінде болдым. Онда Сириядан оралып, сотталған жігіттер болды. Олар Сирияға жеткен күннен бастап қазақтарды бөліп тастайтынын айтты. Әйел-баласын көрмейді. ДАИШ-тың жендеттері өздері соғыспайды. Жан-жақтан халифат деп алданып барған еркектерді соғысқа салып, «Өлсін, кері келмесін» дейтін көрінеді. Жесір қалған әйелдерді өздері пайдаланады екен… Отбасын апару – мүлде қате. Бір өкініштісі, қазақтың әйелдері мен балалары елге қайта алмай, сол жақта қор болып жүр. Әкесінің діни білімсіздігінен күнәсіз балалар зардап шегіп жатыр. Сирияға бару дұрыс емес, тек соны қазақтарға қалай түсіндіру керек, бұл енді үлкен мәселе.
– Алмасбай, сіз бұрынғы жолыңыздан анық қайттыңыз ба?
– Әрине, қайттым. Ендігі мақсатым – Әбу Ханифаның жолын ұстанып, тыныш өмір сүру. Әлемдегі дін ғұламаларының соғысқа қарсы екенін біз дін мамандарының арқасында түрмеде отырғанда ғана білдік.
Пайғамбарымыздың «Ғұламалар – менің мирасқорларым» деген хадисі бар екен. Кімде-кім оқымыстыға бағынбаса немесе оған тіл тигізсе, тозаққа түсесің деген мағынаны түсіндік. Яғни дінде оқымыстысыз адасасың. Қазақтың жігіттері «Мұсылмандарды өтірік халифат жариялап, шақырып алып, сол жерде қырамыз» деген сыртқы жаулардың жасырын мақсатының құрбаны болып жатыр. Сирияда ешқандай халифат та жоқ, тіпті ислам да жоқ екенін түсіндім. Біздің білімсіз, қара қазақтар «Ойбай, ол жақта ислам мемлекеті бар» деп, әйел-баласын шұбыртып кетті. Өздері өлді, қатын- баласы қайда қалды, кім ие болды қазағымның ұл-қызына? Міне, нағыз трагедия осы. Әйелі әркімнің төсегінде, баласы құл сияқты әркімге жалтақтап жүр.
– Отбасыңызбен қайта қауыштыңыз ба?
– Отбасыммен қайта табыссам деген ниетім бар. Балаларымды дұрыс жолға салғым келеді. Менің қателігім оларға сабақ болса, өмірде адаспай, өз орнын тапса деймін. Қолымызда екі қыз, бір ұлым бар. Қайта қосылайық деп әйеліме сөз салдым. Мешітпен араласып, отбасылық кәсіп ашсақ деген ойымыз бар.
– Үлкен қызыңыз бен күйеу балаңыз да дін жолында емес пе?
– Күйеу бала дұрыс отбасы болғысы келеді. Ауылынан үй алды, мал, құс өсіргісі келеді. Балалар үшін деп тырысып жатыр. Бөтен ойы бар адам шаруаны ойламайды ғой. Мысалы, мен Сирияға кетерде үй, бала-шаға, әйел дегенді ойлаған жоқпын. Дүниеге «талақ» деп айттым, үй, көлік, қымбат телефон, дүние-мүлік, киім – бәріне «талақ» бересің. Ештеңе қызық болмай қалады. Намаз оқымаған адаммен бірге тұрмау керек деп ойладық. Бәрін кәпірге шығара бердік. Енді көзіміз ашылып, адасқанымызды түсініп, отбасыммен қайтып қосылуға дұға қылып жатырмын. Мені және мен сияқты адасқан талай адамның діни сауатын ашып, қоғамға, отбасымызға, әке-шешемізге қайта оралтқан теологтарға, имамдарға, құқық қорғау құрылымындағы қызметкерлерге алғысым шексіз!

Ұлдай САРИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?