Шымкент қаласындағы «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ауласында ерекше балалар үшін қуанышты жаңалық болды. Мұнда демеушілердің көмегімен жаңартылған ойын алаңшасы қайта жаңғырып, ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл – тек бір нысанның жаңаруы емес, бұл – қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлықтың, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ойын алаңшасын жаңартуға бастамашы болған – «Югстройсервис-Н» ЖШС директоры Арман Бекенов. Жөндеу жұмыстары қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, ойын алаңшасына шатыр жабылып, қауіпсіз әрі заманауи жабдықтар орнатылды. Арнайы шатыр жаздың аптабынан қорғаса, жаңа қондырғылар балалардың алаңсыз ойнауына мүмкіндік береді. Бұл – балалардың денсаулығы мен көңіл күйіне тікелей әсер ететін маңызды жоба.
«Аялы алақан» орталығында бүгінде 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар 118 бала жартылай стационарлық негізде қызмет алып жатыр. Бұл балалар ерекше күтімді ғана емес, ерекше мейірімді қажет ететін жандар. Сондықтан олардың өмір сапасын жақсарту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ойын алаңшасының ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева демеуші азаматқа алғысын білдіріп, мұндай қайырымды істердің үлгі боларлық екеніне тоқталды.
«Орталықта қызмет алып отырған әр ерекше баланың бойындағы кішкентай оң өзгеріс – біз үшін үлкен жеңіс. Балалардың орталық ауласында еркін ойнап, балалық шақтың қызығын көруі – нағыз қуаныш. Арман Данабекұлына осындай қамқорлығы үшін үлкен рахмет», – деді басқарма басшысы.
Салтанатты жиын аясында орталықтың ауласында ерекше балалардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Бұл — балалардың шығармашылық қабілеті мен ішкі мүмкіндігін ашудың тағы бір жолы.
Сонымен қатар мерекелік шарада мәдениет үйі өнерпаздары ән шырқап, күмбірлеген күй орындап, ерекше балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері балалармен түрлі ойындар ойнап, орталықтың ауласын шаттыққа бөледі. Мерекелік дастарханды «Sofiya Sweet» тәттілер орталығы ұйымдастырып, балаларға тәтті сыйлықтар тарту етті.
Бұл игі іс – көптің көңіліне жылулық ұялатқан, шынайы жанашырлықты сезіндірген сәт болды. Мұндай қамқорлықтың басты мақсаты – тек бір күнгі қуаныш емес, қоғамның ерекше балаларына деген көзқарасты өзгерту, оларды толыққанды тұлға ретінде сезіндіру.
Жеке кәсіпкерлердің, қарапайым азаматтардың осы бағыттағы белсенділігі – масылдықтан емес, шын жанашырлықтан туындаған азаматтық ұстаным. Мемлекет пен қоғамның осындай бірлескен қадамы ғана инклюзивті әрі әділетті ел болудың негізін қалайды.
Бибайша Нұржанқызы,
Шымкент