jasqazaq.kz

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке араласуы жаңа деңгейге көтерілмек

15 қыркүйек, 14:07

Шымкент қаласында еңбек нарығының дамуы мен жұмыссыздық деңгейін төмендету – маңызды әлеуметтік басымдықтардың бірі. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке белсенді қатысуы қоғам үшін де, экономикалық даму үшін де аса қажет. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Мақсұтұлы Jas Qazaq тілшісіне кеңінен әңгімелеп берді.
Бағдат Мақсұтұлының айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құраған. «Жалпы жұмыссыздар саны 22 496 адамды құрап отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Себебі әрбір азаматтың еңбек етуге құқығы бар. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың да әлеуеті жоғары, тек мүмкіндік беріп, қолдау көрсету қажет», – деді ол.
Қаланың 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес, 49 637 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделген. «Қазіргі таңда 34 655 адам қамтылды. Яғни жоспардың 35 пайызы орындалды. Жыл соңына дейін бекітілген көрсеткішке толық жетеміз деп сенеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар күн сайын жалғасуда», – деді Бағдат Арқабаев.
Бағдарламаны жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 8 миллиард 56 миллион теңге қаралған. Оның 2 миллиард 569 миллион теңгеден астамы игерілген. «Бұл қаржы тек статистика үшін емес, нақты адамдардың өмір сапасын арттыруға жұмсалып отыр. Біз қаражаттың әр теңгесін мақсатты пайдаланып, мүгедектігі бар азаматтарға да тең мүмкіндік беруге күш салудамыз», – деп атап өтті орталық басшысы.
Орталық қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке араласуын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілермен тұрақты негізде байланыс орнатуда. «Біздің мақсат – жұмыс іздеген әр адамның қабілеті мен мүмкіндігіне қарай лайықты қызмет ұсыну. Мүгедектігі бар жандардың арасында тігін, қолөнер, ІТ саласы, қызмет көрсету сынды бағыттарға қызығушылық танытқандар көп. Біз оларды арнайы оқыту курстарына, кәсіптік дайындық бағдарламаларына жолдаймыз», – деді Бағдат Мақсұтұлы.
Оның сөзінше, «Enbek.kz» сайты арқылы онлайн жұмыс іздеу мүмкіндігі халық арасында кеңінен насихатталуда. «Сайттың қолжетімділігі – мүгедектігі бар азаматтар үшін үлкен жеңілдік. Үйден шықпай-ақ өзіне лайықты бос орын іздеп, өтінім бере алады. Осыны түсіндіру үшін түрлі кездесулер, семинарлар, жәрмеңкелер өткізіп жүрміз», – деді орталық директоры.
Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы жұмыс орындары да қарастырылған. «Жергілікті әкімдікпен бірге бекітілген квоталар арқылы көптеген мекемелерде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру жүзеге асып жатыр. Бұл тек ресми талап емес, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі», – деді Бағдат Мақсұтұлы.
Орталықтың жоспарлары алдағы уақытта да ауқымды. «Жыл соңына дейін біз тек жалпы көрсеткіштерді орындап қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуді көздейміз. Олар да қоғамның толыққанды мүшесі екенін дәлелдеп келеді. Біздің міндет – сол сенімді нығайту», – деп түйіндеді ол әңгімесін.
Бағдат Мақсұтұлының пікірінше, еңбекке араласқан әр азаматтың тағдыры – елдің экономикалық тұрақтылығының кепілі. Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының жүйелі жұмысы нәтижесінде мыңдаған тұрғын, оның ішінде мүгедектігі бар жандар өзіне лайықты қызметке орналасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Бұл бағыттағы іс-шаралар қаладағы әлеуметтік әділдікті нығайтып, қоғамды инклюзивті дамытуға айтарлықтай үлес қоспақ.

Олжас Әбдіхалық

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда