
Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселесі қоғам назарындағы өзекті тақырыптардың бірі. Еңбек нарығында тең мүмкіндік жасау, жұмысқа орналасуда кемсітушіліктің алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың орындалуын бақылау – әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізудің маңызды бөлігі. Осы бағыттағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков Jas Qazaq тілшісіне жауап берді.
Алдымен еңбек құқығының бұзылуына қатысты шағымдар жайында сөз қозғаған прокурордың орынбасары соңғы кезеңде мұндай өтініштер тіркелмегенін айтты. Оның мәліметінше, былтырдан бері бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласының прокуратура органдарына да, еңбек инспекциясына да мүгедектігі бар азаматтардың еңбек құқығының бұзылуы туралы шағым түспеген. Сонымен қатар ол еңбек саласына тікелей қатысты болмаса да, мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік құқықтарының бұзылуына байланысты бірқатар мәселелер анықталғанын атап өтті.
«Дегенмен прокуратура органдары мүгедектерге әлеуметтік қызметтердің толық көрсетілмеуі, жол жүру жеңілдіктерін ұсынбауы, көпқабатты тұрғын үйлердің қолжетімділігін қамтамасыз етпеуі сипатындағы бұзушылықтарды анықтап, қажетті шара қабылданған», – деді прокурор орынбасары.
Жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тарту жағдайлары туралы сұраққа жауап бере отырып, Марлен Сламбеков заң талаптарын нақты түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының квотасын орындау міндеті жүктелген. Бұл талап әрбір ұйымның мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекке тартуына бағытталған. «Жұмыс берушінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартуы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98-бабына сәйкес ескерту немесе айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылады», – деді ол. Яғни, квотаны орындаудан жалтару немесе азаматты негізсіз қабылдамау – заң бұзушылық болып саналып, жауапкершілікке әкеледі.
«Мүгедектердің дискриминациясы бойынша ӘҚБтК-нің 90-бабы еңбек саласында кемсітушілікке жол бергендерге әкімшілік жауаптылық белгілейді», – деді Марлен Сламбеков. Бұл нормалар жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты әділетсіз шешім қабылдауына жол бермеуге бағытталған.
Сонымен қатар қаладағы заңды квота орындарының сақталуын қадағалау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Прокурордың сөзінше, прокуратура органдары жергілікті атқарушы органдардың мүгедектерді жұмыспен қамту жағдайына талдау жүргізген. Талдау қорытындысы бойынша қала әкімдігіне қадағалау актісі енгізіліп, ол қаралған. Бұл мемлекеттік органдардың еңбек нарығындағы инклюзивтілік талаптарының орындалуын бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырғанын білдіреді.
«Мүгедектердің құқықтарының сақталу жағдайы қала прокуратурасының тұрақты бақылауына алынғаны хабарланады», – деді Марлен Сламбеков. Бұл бағыттағы алдын алу шаралары еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, құқық бұзушылықтарды болдырмауға және кемсітушілік тәуекелдерін төмендетуге бағытталмақ.
Шымкент қаласы прокуратурасының бұл ұстанымы мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығында тең дәрежеде қатысуына жағдай жасау мемлекет саясатының маңызды бөлігі екенін көрсетеді. Еңбек құқығын қорғау тек заңдық талап емес, сонымен бірге қоғамның адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілігі. Құқықтық кепілдіктер мен бақылау тетіктерінің сақталуы инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.
Олжас Әбдіхалық