
Шымкент – еліміздегі халқы ең көп қалалардың бірі. Сондықтан баспана тұрғын үй мәселесі, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Оның үстіне, биылдан бастап тұрғын үй беру тәртібі өзгерді. Енді кезекке қою, есеп жүргізу және үйлерді бөлу сияқты жұмыстарды әкімдіктер жүргізбейді.
Үшінші мегаполисте баспанаға мұқтаж ерекше санаттағы азаматтар саны айтарлықтай көп. Соңғы ақпаратқа сәйкес, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 4 446 адам, мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар – 1 938 адам кезекте тұр. Бұл — шамамен 6,5 мыңға жуық адамның әлеуметтік баспанаға мұқтаж екенін көрсетеді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатыны мәлім. Банк мамандарының мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға баспана беру жүйедегі жаңа механизмдер мен баспана алудың өз тәртібі бар.
Ең басты критерий – адамның кезекке тұрған күні. Бұрынғыдай әр өңірдің өз тәртібі емес, қазір барлығы бірыңғай орталықтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады.
Сонымен қатар баспана бөлу кезінде отбасының табыс деңгейі басты факторлардың бірі екенін есте сақтаған жөн. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен жаңа ереже табысты күнкөріс минимумы бойынша есептеуді міндеттейді. Мысалы, табысы 1 күнкөріс деңгейіне дейін болса – жалдау ақысы субсидияланады. 2 күнкөріс деңгейіне дейін болса – әкімдіктен жалдамалы үй ұсынылады. Ал табысы 5–6 күнкөріс деңгейі аралығындағылар үшін жеңілдетілген несие қарастырылған. Айта кетейік, биылғы жылдың шілдесіндегі күнкөріс деңгейі — 46 228 теңге.
Банк мемлекеттік базалармен біріктірілгендіктен, әр азамат туралы толық цифрлық ақпарат көрінеді. Жүйе адамның табысын, әлеуметтік мәртебесін, зейнетақы немесе жәрдемақы алып-алмайтынын, өз атына үй тіркелген-тіркелмегенін автоматты түрде көрсетеді. Соған қарай банк қандай қолдау қолжетімді екенін ұсынады.
Дегенмен тұрғын үйлерді салу және дайын пәтерлерді беру жұмысы әлі де әкімдіктердің құзырында. Әкімдік дайын үйді банкке өткізеді. Ал банк оны кезекте тұрғандарға бөледі. Мұндай үйлердің 70 пайызы әлеуметтік осал санаттарға беріледі. Бұл тізімге мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек баласы бар отбасылар, көп балалы аналар, жетім балалар, ҰОС ардагерлері және жесірлер кіреді.
Шымкент қаласында да мүгедектігі бар азаматтарға үй беру кезінде қосымша талаптар сақталады. Банк мәліметінше, мүгедектігі бар азаматтарға баспана көбінесе төменгі қабаттардан беріледі. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін пәтер екінші қабаттан жоғары емес. Ауыр созылмалы ауруы бар азаматтарға немесе мүгедек баласы бар отбасыларға қосымша бөлме берілуі мүмкін. Бұл артық шаршы метр ретінде есептелмейді.
Айта кетеін жәйт, адамның әлеуметтік жағдайы — отбасылы болуы, жалғыз тұруы, жұмысқа қабілеттілігі баспана алуға әсер етпейді. Пәтер тек кезекке тұрған күнге қарай беріледі. Басқа факторлар ескерілмейді.
Банк өз қызметі аясында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алып, олардың төлем қабілетін тексереді. Әкімдік дайын үйлерді ұсынған кезде, банк азаматтарға нақты қандай мемлекеттік қолдау түрі қолжетімді екенін көрсетеді. Баспана бөлу заңмен бекітілген тәртіп бойынша жүргізіледі.
Қазір әкімдіктермен бірге коммуналдық тұрғын үй қорынан дайын пәтерлер беру бағытында келісімдер жасалуда. Бұл алдағы жылдары әлеуметтік қолжетімді баспана санын арттыруға мүмкіндік бермек.
Олжас Әбдіхалық
Фото: pixabay.com