Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында прокуратураның үйлестіруімен «Жылжымалы қабылдау» акциясы бастау алды. Игі шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, мемлекеттік органдар мен халық арасында ашық байланыс орнатып, өзекті мәселелердің шешілуіне жол ашу.
Тек құқықтық кеңес беру ғана емес, бұл қабылдауда халықты еңбекке ынталандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Іс-шараға Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары арнайы қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес берді.
Атап айтқанда, тұрғындарға мынадай мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді:
— Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар арқылы өз ісін бастау;
— Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысып, сұранысқа ие мамандық меңгеру;
— Жастар практикасы мен қоғамдық жұмыс арқылы алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау;
— «Күміс жас» бағдарламасы бойынша зейнет жасына таяған азаматтарды еңбекпен қамту;
— Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару арқылы жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз етілу.
Мамандар азаматтардың нақты сұрақтарына жауап беріп, бағдарламаға қатысу жолдарын түсіндіріп, қайда жүгіну керектігін нақтылап берді.
«Мемлекеттік қолдаудың көздегені – азаматтарға дайын ақша тарату емес, жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Қазір масыл болудың емес, кәсіби дағдыларды меңгеріп, еңбек арқылы отбасы мен елге пайда келтірудің уақыты. Сондықтан әр адам қолындағы мүмкіндікті пайдаланып қалуы керек», – дейді басқарма өкілдері.
Акция аясында құқық қорғау органдарының өкілдері де тұрғындарды қабылдап, құқықтық кеңес беріп, заң аясындағы құқықтарын түсіндірді. Шараға келген азаматтар мұндай ашық алаңның тиімділігі зор екенін атап өтті.
Жылжымалы қабылдау тек бір күндік шара емес – бұл мемлекеттік қызметтерді халыққа жақындатудың, азаматтарды әлеуметтік қолдауға емес, еңбекке бейімдеудің нақты көрінісі. Мемлекет – мүмкіндік береді, ал таңдау әр азаматтың өз қолында.
Бибайша Нұржанқызы,
Шымкент