
Шымкент қаласында инклюзивті көлік жүйесін қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық көлікті еркін әрі кедергісіз пайдалануына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары бірізді және тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл мәселе тек әлеуметтік бастама ғана емес, тұтас қаланың даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналып отыр. Осы ретте Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Досымхан Жанзахов Jas Qazaq тілшісіне ресми мәлімет беріп, қазіргі таңдағы жағдайға, атқарылып жатқан жұмыстарға және қолжетімді ортаны кеңейтуге бағытталған шараларға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, халық саны қарқынды өсіп келе жатқан ірі мегаполис үшін жолаушылар тасымалының үздіксіз әрі қолайлы болуы аса маңызды фактор саналады. Сол себепті қаладағы көлік инфрақұрылымын дамыту және оны барлық санаттағы азаматтарға тең дәрежеде қолжетімді ету күн тәртібінен түспей келеді.
Басқарма өкілі бұл жөнінде нақты мәлімет келтіре отырып: «Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 11 көлік компаниясы қалалық тұрақты 82 маршрутта күнделікті 988 автобуспен жолаушыларға қызмет көрсетеді», – деді. Оның айтуынша, мұндай көлемдегі көлік паркі күн сайын мыңдаған тұрғынның еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, қала ішіндегі қатынастың негізгі арқауына айналған. Сонымен бірге ол бұл жүйе ерекше қажеттілігі бар азаматтарды да қамтуға бағытталғанын, яғни инклюзивті принциптерді сақтау маңызды міндет ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Қоғамдық көліктің инклюзивті талаптарға сәйкестігі туралы қойылған сауалға жауап берген Досымхан Несіпбайұлы қаланың автобус паркі кезең-кезеңімен жаңартылып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы автобустардың басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімделген. «Қаладағы автобустардың 90 пайызында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар қарастырылған. Қалған автобустарда пандустар зауыттан шыққан кезде қарастырылмаған», – деп түсіндірді ол. Бұл көрсеткіш қалада қолжетімділік талаптарының біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар басқарма өкілі жаңа көліктерді сатып алу кезінде талаптардың күшейгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда автобус паркін жаңарту барысында жаңа автобустарды сатып алу кезінде пандустардың міндетті түрде болуы талап етілген. Бұл – болашақта барлық көліктің инклюзивті стандарттарға толық сәйкес болуын қамтамасыз етуге бағытталған шара.
Сонымен қатар, басқарма өкілі қолданыстағы көліктерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін арнайы орындар мен ақпараттық белгілер орнатылғанын да айтты. «Барлық автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар мен тиісті ақпараттық белгілер қарастырылған», – деді Досымхан Жанзахов. Бұл белгілер жолаушыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, көліктегі тәртіп пен мәдениетті сақтауға да ықпал етеді.
Қоғамдық көліктің қолжетімділігі тек автобустардың өзімен шектелмейді. Ол тұтас инфрақұрылымды – аялдамаларды, бағыттағыш белгілерді, қозғалыс қауіпсіздігін қамтиды. Осыған байланысты Шымкент қаласы бойынша бүгінде 2 335 аялдама бар екені мәлім болды. Барлық аялдамаларда арнайы тактильді жолақтар орнатылған. Бұл тактильді белгілеу көру қабілеті шектеулі азаматтардың қауіпсіз қозғалысына мүмкіндік беретін маңызды элемент болып саналады. Мұндай жолақтар олардың бағытты анықтауына көмектесіп, инклюзия қағидаттарын сақтау бағытындағы жұмыстардың нақты көрсеткіші ретінде бағаланады.
Аялдамаларға және көлік инфрақұрылымына қатысты құрылыс нормалары мен талаптарына байланысты ақпарат сұралғанда, басқарма өкілі нормативтік құжаттардың ашық екенін және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жарияланғанын атап өтті. Бұл азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Басқарма басшысының орынбасары сөзінің соңында қаладағы инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасатынын ерекше атап өтті.
«Қазіргі таңда қолданыстағы инфрақұрылымдық талаптарды сақтау және қолжетімді ортаны кезең-кезеңімен жетілдіру жұмыстары жалғасуда», – деді ол. Досымхан Жанзаховтың айтуынша, Шымкент қаласы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық көлікке тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі шаралар қабылдап келеді.
Олжас Әбдіхалық