jasqazaq.kz

Шымкентте ҚХА мүшелері «Мектепке жол» акциясы аясында 532 оқушыға қолдау көрсетті

21 тамыз 2025, 21:10

Бүгін Шымкенттегі Достық үйінде қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясын бастады.

Қалалық Қазақстан Халқы ассамблеясы мен Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер А.Халназаровтың тікелей атсалысуымен акция аясында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан 100 оқушыға 1,5 миллион теңгенің мектепке қажетті оқу құралдарын (сөмке, дәптер, пенал, түрлі-түсті қалам, қаламсаптар және т.б.) табыстады.

Игі іс-шараға қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Арипджан Халназаров және «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, оқушылардың білім алуына қажетті керек-жарақтарын үлестірді.

Аталған акцияны Ассамблея алаңында ұйымдастырған жауаптылардың айтуынша, бұдан бөлек, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бастауыш сыныптарға баратын 32 бүлдіршінді қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алса, қалалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері Шымкенттің 13 нүктесінде дәл осы мақсатта қайырымдылық іс-шарасын өткізіп, 6 млн. теңгенің заттарын аз қамтылған, әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылардан шыққан балаларға таратуда.

Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА мүшелерінің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында жалпы, 7,9 млн. теңгенің көмегін шымкенттік 532 оқушыға табыстады.

Еске салсақ, «Мектепке жол» акциясын үш жыл бұрын оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқығын қорғау комитеті іске қосқан болатын.  Бұл науқанға кез келген адам, сондай-ақ еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады.

«Мектепке жол» акциясы аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында іске қосылды. Сол арқылы әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауына жол берілмейді. Елдегі әр мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалып қояды. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмыс істейді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Сондай-ақ қайырымды жандар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады.

Акция тамыз айында басталып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.

JQ-Aqparat

 

Сурет: Шымкент қаласы әкімдігі

Бүгін, 12:31
Әскери ынтымақтастық: Қуатты қорғаныс саясатының берік кепілі
18 наурыз, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
18 наурыз, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр