
Шымкент – тек экономикалық тұрғыдан емес, мәдени орта ретінде де қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Қала тұрғындарының мәдени өмірге араласуына жағдай жасау – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Ал бұл мүмкіндікті барлық азаматтың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да бірдей сезінуі – қала мәдениетінің нағыз деңгейін көрсетеді. Осы бағытта Шымкентте соңғы жылдары атқарылған жұмыстар ауқымды, жоспарланған бастамалар одан да кең.
Инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөнінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Jas Qazaq тілшісіне арнайы жауап берді.
Басқармаға қарасты 22 мәдениет және өнер мекемесі бүгінде қала халқына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Бұл нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ешбір іс-шарадан шет қалмауы үшін қолайлы орта жасалуда. Әсіресе театрлар мен концерттік ұйымдарда арнайы орындардың болуы – ерекше жандардың мәдени шараларға емін-еркін қатысуына мүмкіндік берген маңызды қадам. Мұндай бейімделу олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады.
Ресми статистика да осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін айғақтайды. Биылғы жылдың 7 айында 1465 ерекше жан түрлі театр қойылымдарын тамашаласа, 985 көрермен цирк өнерін қызықтаған. Мұндай көрсеткіштер – Шымкент тұрғындарының мәдени шараларға деген белсенділігін ғана емес, ерекше жандар үшін қолайлы ортаның шын мәнінде қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Мөлдір Ұбайдиллақызының айтуынша, музейлерде де инклюзивті бағыт күшейген. «Музейлерде бейімделген экскурсиялық бағдарламалар енгізіліп, көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған тактильді экспонаттар қойыла бастады. Ал арнайы кітапхана Брайль қарпіндегі кітаптармен, аудиокітаптармен және заманауи тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етеді. Шымкент мәдени кеңістігі – әрбір азамат үшін ашық. Қандай шектеу болмасын, мәдениетке деген қолжетімділікті біз басты бағыт ретінде қарастырамыз», – деді ол.
Бүгінде қаладағы мәдени нысандардың басым көпшілігі пандустармен жабдықталған. Арбамен қозғалатын азаматтар үшін залдарға кіріп-шығу, ғимарат ішінде қозғалу мүмкіндігі толықтай ескерілген. Музей экспозициялары жаңартылып, арнайы тактильді карталар енгізілуі – ерекше жандарға арналған инновациялық шешімдердің біріне айналды.
Шымкентте инклюзивті өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Шамшырақ» фестивалі – көру қабілеті шектеулі өнерпаздарды қолдауға бағытталған ең маңызды жобалардың бірі. Бұдан бөлек, «Рухани қазына» фестивалі шеңберінде «Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана және үздік қызметкер» атты арнайы номинациялар тағайындалып, сала мамандарының еңбегі бағаланып келеді.
Биыл 22 наурызда Түркістан сарайында өткен «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты халықаралық байқау – инклюзивті мәдениеттің тағы бір жарқын көрінісі. Бұл байқауға қатысушыларға сахна, дыбыс аппаратурасы және барлық техникалық қамтамасыз ету басқарма тарапынан тегін ұйымдастырылған. Мұндай қолдау ерекше жандардың талантын ашып, мәдени ортаға бейімделуіне зор ықпал етеді.
Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, қаладағы балалар өнер мектептері мен мәдениет үйлерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беріледі. Олардың қабілетіне қарай бейімделген оқу бағдарламалары жасалып, тегін немесе жеңілдетілген үйірмелер ашылған. Ол дегеніміз – инклюзивті мәдениеттің бастауын болашақ ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды жұмыс.
Алдағы жылдары бұл бағыттағы бастамалар одан әрі кеңеймек. 2026 жылдан бастап:
* «Қолжетімді театр» бағдарламасы аясында барлық қойылымдарға сурдоаударма және тифлокомментарий енгізу;
* Музейлерде «Сөйлейтін музей» жобасын жүзеге асыру;
* Ерекше өнер иелеріне арналған республикалық деңгейдегі инклюзивті фестиваль өткізу;
* Мәдени контентті цифрландыру арқылы қашықтан қолжетімділік жүйесін кеңейту жоспарланып отыр.
«Инклюзивті мәдениет — біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Біз кезең-кезеңімен барлық мәдениет ұйымдарын қолжетімді етуге күш саламыз», – деді Мөлдір Ұбайдиллақызы.
Олжас Әбдіхалық