
Шымкент — демографиялық серпіні жоғары, әлеуметтік жобаларға сұранысы мол мегаполис. Қала соңғы жылдары инклюзиялық бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Спорттан бастап білім беру, медицина, әлеуметтік қызмет және еңбекке баулу салаларында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған инфрақұрылым қарқынды дамып келеді.
Жалпы алғанда қаланың тіркелген мүгедектер саны — 42 702 адам, ал оларға бюджеттен мүгедектерге қолдау үшін көрсетілген көлем — 14 897,3 млн теңге. Мұндай көлемді сома — инклюзияға бөлінетін ресурстардың көбейгенін білдіретін нақты индикатор.
Бұдан бөлек, Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы құрылған №19 спорт мектебі бүгінде 388 спортшыны қамтып отыр. Мұнда 28 жаттықтырушы суға жүзу, голбол, пара таэквондо, садақ ату, шоудаун, шахмат, еркін күрес, футбол секілді спорттың 18 түрінен дәріс береді.
«Ерекше балаларды спортқа тарту — біздің негізгі міндетіміз. Қазір паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамуда. Спортшыларымыз жыл басынан бері халықаралық жарыстардан 42 алтын, 39 күміс, 17 қола медаль алып келді», — деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ермек Дарменов.
Алайда спорт инфрақұрылымы әлі де толық емес. 2026–2027 жылдары үлкен Паралимпиадалық орталық салу жоспарланған. Өз кезегінде бұл қаланың инклюзивті спортқа деген ұзақ мерзімді көзқарасын көрсетеді.
Ал оңалту шараларына келетін болсақ, қалалық №1 және №2 оңалту орталықтары кешенді қызмет көрсетеді. Мысалы, бір орталық жыл сайын 2400-ден аса баланы оңалтудан өткізеді. Орталықтарда заманауи физиотерапия, логопедия, психокоррекциялық шаралар бар.
«Біз әр баланың мүмкіндігін жеке бағалап, оның даму потенциалына қарай жеке оңалту бағдарламасын жасаймыз. ЛФК, механотерапия, физиотерапия, логопед, дефектолог, психотерапевтік сабақтардың барлығы — бір ортада»,- деді №1 орталық маманы Мейрамкүл Бауланқұлқызы.
Ал Айгүл Сапарғалиева басқаратын №2 Оңалту орталығы да дәл осы бағытта кешенді көмек көрсетеді. Диагнозы ДЦП, аутизм, тірек-қимыл бұзылыстары бар балалар логопедиялық, физиотерапиялық және шығармашылық терапиялар арқылы жан-жақты дамытылады.
«Біз үшін ең үлкен қуаныш — баланың алғаш қадамын жасап, алғашқы сөзін айтуы. Бұл — біздің еңбегіміздің нәтижесі», — деді орталық жетекшісі.
Шымкент қаласының Оңалту орталығының директоры Парида Сатайқызы ерекше балаларды мектепке және қоғамға бейімдеудің нақты механизмдерін көрсетті.
Ең маңызды бағыттар:
• психофизикалық даму диагностикасы,
• пәнаралық топтардың командалық бағалау жүйесі,
• жеке даму бағдарламаларын әзірлеу,
• ата-аналарға психологиялық және әлеуметтік қолдау.
Орталықта логопед, дефектолог, психолог, физиотерапевт, реабилитолог, әлеуметтік педагог сияқты мамандар қатар жұмыс істейді.
«Мейірім» оңалту орталығының жетекшісі Әбдірахмат Ниязқұлов орталықтың басты мақсатын былай сипаттайды:
«Біз тек диагнозбен күреспейміз. Біз балалардың шығармашылығын дамытып, олардың қоғамға бейімделуіне жол ашамыз».
Қолөнер, би, сурет, музыка терапиясы — ерекше балалардың эмоционалдық әлемін ашуға бағытталған әдістер екенін нақтылап берді.
Одан қалды қалада әлеуметтік қызмет жүйесі де кеңейген. 927 тұрғынға үй жағдайында қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар «Қамқорлық» орталығы 150 аутизмі бар баланы қамтиды.
Биылға арналған шараларға бюджеттен үлкен қаржы қарастырылған. Жалпы көлемі 8 млрд теңгеден аса сомаға қала деңгейінде жұмыспен қамту бағдарламалары, оның ішінде квоталар, қоғамдық жұмыстар, кәсіптік оқыту сынды жобалар іске қосылған.
Қаладағы Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды бейімдеу орталығы — ерекше санаттағы азаматтарға көмек көрсететін маңызды нысан.
«Біздің орталықта жыл басынан бері 200 адам қабылданды. Оның ішінде 26 адам — әртүрлі топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Біз олардың құжатын рәсімдеп, медициналық ем алуларына, психологиялық қолдауға және жұмысқа орналастыруға көмектесеміз»-деді Орталық директоры Ерлан Әлжанов.
Көптеген қызмет алушылар орталықтағы еңбекке баулу бағдарламасы арқылы қайтадан еңбекке бейімделеді.
Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Мақсұтұлы ерекше жандардың еңбекке араласуы туралы айтып өтті:
«Біз үшін ең маңыздысы — мүгедектігі бар азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру. Enbek.kz арқылы онлайн өтінім беру, арнайы квоталар мен жеңілдікпен жұмысқа орналастыру — біздің негізгі тетіктер».
Қазірдің өзінде Шымкент қаласында 526 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл көрсеткіш қала экономикасының тұрақтылығы мен жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін көрсетеді. Ал 633 адам уақытша жұмысқа жіберілген. Уақытша жұмыс орындары мүгедек азаматтарға жаңа дағдыларды меңгеруге, тәжірибе жинақтауға және еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі. Бұл бағдарлама әсіресе жастар мен жұмыс тәжірибесі жоқ адамдар үшін тиімді. Ал 226 адам қысқа мерзімді оқуға жолданған.

Тұрақты жұмыс орны әрбір ерекше қажеттілігі бар адамның әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығының негізі болып табылады. Ол жеке тұлғаның қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да үлкен үлес қоспақ.
Шымкент — инклюзиялық саясатты сөз жүзінде емес, іс жүзінде дамытып жатқан қалалардың бірі. Ерекше жандарға ұсынылатын қызметтердің спектрі жылдан жылға кеңейіп келеді. Оңалту орталықтарының жұмысы, параспорт жетістіктері, білім беру саласындағы жүйелі шаралар және ең бастысы — қоғамның көзқарасының оң өзгеруі Шымкентті инклюзия бойынша жетекші өңірлердің біріне айналдыра алады.
Инклюзивті қоғам құру — бір күндік акция емес. Ол дегеніміз — тұрғындардың ішкі және сыртқы мәдениеті. Шымкент дәл осы мәдениетті қалыптастыру жолында нақты әрі тұрақты қадамдар жасап келеді.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: gov.kz