jasqazaq.kz

Шымкентте ерекше жандар шахмат пен тоғызқұмалақтан бақ сынасты

12 шiлде 2025, 20:12

Шымкент қаласының Қаратау ауданында 6 шілде – Елорда күніне орай инклюзивті спорттық турнир ұйымдастырылды. «Зияткер Тұран» мектебінде өткен шарада ерекше қажеттілігі бар азаматтар арасында шахмат және тоғызқұмалақ ойындарынан жарыс өткізілді. Турнир Қаратау ауданы әкімінің жүлдесіне арналды.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Алмас Абаев қатысушылар мен тұрғындарды елорда мерекесімен құттықтап, инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды.

– Құрметті шымкенттіктер! Елорда күні – тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің символы. Бүгінгі турнир – қоғамдағы әр азаматтың, соның ішінде ерекше жандардың да әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін игі бастама. Осындай шаралар арқылы біз бірлік пен өзара түсіністікке негізделген инклюзивті қоғамды бірге қалыптастырамыз, – деді әкім.

Жарысқа көру қабілеті төмен, есту қабілетінде ақауы бар және тірек-қимыл жүйесі бұзылған 38 қатысушы қатысты. Шахмат сайысына 18, тоғызқұмалаққа 20 спортшы тіркелді. Әр ойыншыға 15 минут уақыт беріліп, ойын швейцар жүйесі бойынша жеті айналымнан өтті.

№19 мүгедектігі бар балаларға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманованың айтуынша, мұндай жарыстар тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ерекше жандардың әлеуметтенуіне де жол ашады.

– Турнир қорытындысы бойынша бес үздік ойыншы жүлделі орындарға ие болады. Жеңімпаздар кубок, медаль, арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады, – деді ол.

Тоғызқұмалақтан 22 жыл бойы жарыстарға қатысып келе жатқан Ақжүніс Тайтелиева шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Инклюзивті спорттық турнирлер біз үшін ерекше маңызды. Бұл – қоғам назарындағы қамқорлықтың белгісі. Осындай мүмкіндіктер үшін алғысым шексіз. Елордамыз әрдайым биіктен көріне берсін! – деді Ақжүніс Біртайқызы.

Турнир шеңберінде концерттік бағдарлама да ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жалпы шара инклюзия қағидаттарын насихаттап, ерекше жандардың өмірге құлшынысын арттыруға сеп болды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының шахмат пен тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын жандандыруға серпін берді.

Бибайша Нұржанқызы, 

Шымкент

20 наурыз, 11:24
Қорғаныс қабілеті мықты мемлекет ертеңге сеніммен қарайды
19 наурыз, 12:31
Әскери ынтымақтастық: Қуатты қорғаныс саясатының берік кепілі
18 наурыз, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
18 наурыз, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді