Шымкент қаласындағы Білім басқармасына қарасты қосалқы мектеп-интернатта ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқиды. Мектеп-интернатқа 7 жастан бастап қабылданады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Мықтыбаева мектеп 200 оқушы қабылдауға қауқарлы екенін айтады.
Гүлнар Мықтыбаева: «Былтыр 20 сыныптағы 131 бала оқу жылын аяқтады. 2018 жылға дейін облыстық мектеп болғандықтан, облыстан қабылданып, оқып жатқан балалар бар. Соңғы кездері көбі қаланың балалары білім алады. Қыздар тігінмен айналысады. Ұл балалар неше түрлі құрылғылармен қолөнерін шыңдайды», — дейді.
Оның айтуынша, жабдықталған кабинеттердің арқасында балалар жаңа заманауи құралдармен жұмыс істеп, өмірге бейімделіп жатыр. Оқушылардан кәдімгідей нәтиже байқалады.
«Бұл жерде балалар ата-аналарының шектен тыс өбектеуінен, қауіпті қамқорлықтан ажырайды. Көп ата-ана диагнозы болған соң мұндай балаларды қатты өбектейді. Бізге келген соң ата-анасынан ажырап, дербес өмірге бейімделеді. Әлеуметтік орта табады, солармен араласады. Балалар бір-бірімен тіл табысып үйренеді. Баланың эгоизмі жойылады. Бұл жерде өз айтқаны бола бермейтінін, мәпелеп отыратын ата-анасы жанында еместігін түсінген соң өзін сенімді ұстайды. Біздің мектептің түлектері қоғамға кедергісіз кірігіп, өмірден өз орнын тауып, еңбекке еркін араласып жүрген жайы бар», — дейді Гүлнәр Сейітқызы.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сала маманы қазір сөйлемейтін балалардың көбейгені қоғамның ең ауыр дерті боп отырғанын алға тартты.
«Смартфонның теріс әсерінен баланың сөйлеу қабілеті төмендеп кетті. Жұмысбасты ата-аналар баламен сөйлесіп, айналыспайды. Сондықтан да баланың көбі енжар. Бізде мүлде сөйлемейтін балалар болды, қазір де бар. Бір Алғашқы сөзін 6 сыныпқа келгенде айтқан бала бар. Содан бастап сөйлеп кетті. Ата-аналар баласын мектеп-интернатқа бере салып, нәтиже сұрайды. Алайда, нәтиже 1-2 айда көрінбейді. 7 жасқа дейін ешнәрсе үйренбеген, тіпті қасық ұстап көрмеген балаға бір айдың ішінде бәрін үйрету мүмкін емес. Қазір мектеп-интернатымызда 85 бала қона жатып оқиды. Бір орында отырмайтын тынымсыз балалар білім бағдарламасын меңгермей келіп, осында бірінші сыныпқа қабылданғандары болды. Оларды еңбекке баулуға тырыстық. Қадап жасау тәсілімен қолөнер бұйымдарын жасағанда олардың тыныштанғанын байқадық. Сондай балалар түрлі жарыстарға қатысты. Кейіннен мектепті де жап-жақсы бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп кетті», — дейді Гүлнәр Сейітқызы.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент