
Биыл жыл басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы қала инфрақұрылымын дамыту мақсатында 341 жер учаскесін мемлекет мұқтажына алынды. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына және қала әкімдігінің тиісті қаулыларына сәйкес жүргізіліп отыр.
Аталмыш учаскелердің 298-інің иелеріне ақшалай өтемақы төленсе, 43 жер учаскесінің иесіне тең бағалы жер телімдері ұсынылды. Қазіргі уақытта мегаполис үшін маңызды көлік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүзеге асыруға қажетті жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өткізген брифингте айтылды.
Негізгі бағыттар бойынша мынадай жұмыстар орындалған:
1. Қонаев даңғылының 5-кезеңі: 270 жер учаскесі қажет. Оның 253-іне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды.
2. А-2 автожолы (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін): 80 учаске қамтылған. Қазіргі таңда 25 учаске бойынша өтемақы төленіп, мемлекет меншігіне қайтарылды.
3. С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін қайта құру: 56 учаске қажет. Бүгінде 42 учаскенің иелерімен келісім жасалып, өтемақы төленді.
4. Қазиев көшесінің жалғасы (Арғынбеков – Төлеметов көшелерінің аралығы): 25 учаске қарастырылған. Оның 21-і мемлекет мұқтажына толық қайтарылды.
Шымкентте жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар қаланың жол-құрылыс инфрақұрылымын жақсартуға, көлік қозғалысын жеңілдетуге және жаңа дамушы аймақтарды ашуға мүмкіндік береді.
Брифингте заң талаптарын бұзған Салтанат сарайының қызметіне тыйым салынғаны да сөз болды.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары Сайрам тұрғын алабындағы М.Жәлел көшесінде орналасқан «Shinar» салтанат сарайына жүргізген тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Бастапқыда нысан бір қабатты шайхана ретінде пайдалануға қабылданғанымен, меншік иесі оны рұқсатсыз қайта құрылыс жасап, 2 қабатты салтанат сарайына айналдырған.
Тексеру нәтижесі бойынша нысанның ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң талаптарын сақтамай реконструкцияланғаны белгілі болды. Осыған байланысты «Shinar» тойханасының қызметі тоқтатылды.
Осы орайда қала тұрғындарына кез келген құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары тек заң аясында жүзеге асырылуы тиіс екені құлаққағыс етілді. Себебі рұқсатсыз салынған нысан қомақты айыппұл салуға ғана емес, тіпті мәжбүрлі түрде бұзуға да әкелуі мүмкін.
JQ-Aqparat
.