jasqazaq.kz

Шымкентте мүгедектігі бар 23 адам мемлекеттік грант ұтып алды

28 шiлде, 16:20

Шымкент қаласында биыл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттардың алғашқы легі өз мәресіне жетті. Нәтижесінде, 134 тұрғын қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болды. Бұл – кәсіпкерлікке бет бұрған халықтың әлеуетін арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстың жемісі.

Аталған гранттар көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Бұл – 2025 жылғы есеппен 1 572 800 теңге шамасындағы сома. Қомақты қаржылай көмек кәсіп ашуға ниет білдірген жандар үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Жалпы, биылғы лег аясында 934 өтініш қабылданып, арнайы құрылған комиссияның шешімімен тек 134 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда жеңімпаздар «Еңбек мобильділігі орталығы» арқылы келісімшарттарға қол қойып, қаражат аудару жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Ең бастысы, грант иегерлерінің басым бөлігін әлеуметтік осал топ өкілдері құрап отыр. Атап айтқанда, 5 азамат – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 7 адам – асыраушысынан айырылғандар, 23 қатысушы – мүгедектігі бар, еңбекке қабілетті жандар. Сондай-ақ 71 көпбалалы отбасы мүшесі мен 28 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-ана да өз кәсібін бастау мүмкіндігіне ие болды.

Ұсынылған жобалардың бағыттары да сан алуан. Қызмет көрсету саласы биылғы лекте көш бастады – бұл бағытта 50 жоба мақұлданды. Құлпынай өсіру, ет өнімдерін өндіру сынды өндіріс бағыты бойынша 39 жоба қолдау тапса, тігін өнеркәсібі саласында – 15, кондитерлік және наубайхана өнімдері бойынша – 14, жартылай дайын тағамдар өндірісі – 9 жобамен ұсынылды. Мал және құс шаруашылығы бағытында 2 жоба мақұлданып, жиһаз өндірісі бойынша 1 кәсіп иесі қолдауға ие болды. Ал фаст-фуд, сусындар мен шұжық өнімдері сияқты өзге шағын бағыттарда 4 жоба жүзеге асырылмақ.

Басымдық – халықтың күнкөріс көзіне айналатын, өзін-өзі қамтамасыз етуге негізделген жобаларға берілген. Сарапшылардың айтуынша, мұндай гранттар азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ғана емес, экономикалық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді.

Жалпы алғанда, қайтарымсыз грант – бұл жай ғана жобаға бөлінген қаражат емес, бұл – азаматтың өз арманына бір табан жақындай түсуіне берілген мүмкіндік. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтар үшін бұл – қоғамға толыққанды араласудың, өз әлеуетін іске асырудың, өзгелерге тәуелді болмаудың нақты жолы.

Алдағы уақытта да бұл бастама жалғасын тауып, кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылады деп күтілуде. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдау – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің, сонымен қатар ішкі еңбек нарығын дамыту арқылы ұлттық экономиканы нығайтудың нақты тетігі екені сөзсіз.

Бибайша Нұржанқызы, 

Шымкент

Сурет: gov.kz

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті