
Шымкент қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 99 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант берілді.
Комиссияның оң шешімін алғандардың қатарында 52 жеке кәсіпкер, 47 жұмыссыз азамат бар. Жалпы қалада жыл басынан бері жалпы саны 432 адам қайтарымсыз грант алған. Жеңімпаздардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтардан: көп балалы 55 отбасы, мүгедектігі бар 21 азамат, 17 ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, асыраушысынан айрылған 5 адам және бір адам — атаулы әлеуметтік көмек алушы.
Грант алушылар әр түрлі салада кәсібін жүргізуді көздейді. Олар:
• Мал, құс шаруашылығы – 3;
• Қызмет көрсету саласы – 28;
• Кондитерлік және нан өнімдері – 12;
• Тігін өнеркәсібі – 12;
• Полуфабрикат өнімдері – 7;
• Жиһаз өндірісі – 3;
• Өндіріс (құлпынай өсіру, ет өндірісі және т.б.) – 18;
• Басқа салалар (фаст-фуд, ыстық тағам, шұжық, кофе және т.б.) – 16.
Жаңа жобалар осы мемлекеттік қолдаудың көмегімен қала экономикасын дамытуға және жұмыс орындарын құруға өз үлесін қосады деп күтілуде. Айта кетейік, грантқа өтініштер еnbek.business.kz порталы арқылы қабылданады. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында қорғайды.
Мұндай қайтарымсыз гранттың басты мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы дамыту. Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол мемлекетке қайтарылады.

Мемлекеттің азаматтарға жаңа бизнес-жобаларын жүзеге асыруға гранттар берудің үшінші легі аяқталды. Бұл лек бойынша 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қаржы көлеміндегі гранттар үшін 398 өтініш қабылданып, комиссия шешімімен 99 адамға грант берілді. Қазіргі уақытта қаржы аударыла бастады.
Жалпы биылғы жылы 432 адамға қайтарымсыз грант беріліп отыр. Мемлекеттік гранттар жаңа кәсіпкерлік жобаларды дамытуға, ел экономикасын нығайтуға және жұмыс орындарын құруға үлес қосады деп күтілуде.
Қалада жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты бос орындар жәрмеңкесі екені мәлім. Осы орайда Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде, бекітілген жоспарға сәйкес, Еңбекші ауданы, № 94 ЖОМ ғимаратында аудан тұрғындарына арналған ақпараттық-насихаттық сипаттағы шағын жәрмеңке өткізілді.
Жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмыс берушілер қатысып, 300-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шара барысында 70-тен асаазаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары субсидияланған жұмыс орындары туралы ақпарат таратылды. 17 борышкерлер қатысып, жұмыс іздеуші ретінде тіркелді.
Пробация есебінде тұрған азаматтардың арасынан 8 азамат жәрмеңкеге келіп, 4 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды,
Сонымен қатар, 90 күннен асқан мерзімі өткен борышкерлерге «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы МӘМС жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен түсіндірілді.
Бұл шаралар – Шымкенттегі кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарға тұрақты жұмыс орны мен қаржылық қолдау көрсету бағытындағы маңызды бастамалар болып табылады.
Айта кеткен жөн, Шымкент қаласы еңбек мобильділігі орталығы қала тұрғындарын бос жұмыс орындары түріндегі тұзаққа түсіп қалудан сақтандырады. Жуырда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы жұмыспен қамту саласындағы интернет-алаяқтардың белсенділігі артқанын хабарлады.
Шетелдік дереккөздердің («Мир 24», «Рамблер», «РИА Новости», 48.ru, «Известия», «Новые известия») хабарлауынша, интернет-алаяқтар жоғары табыс және оңай жұмысқа орналасу туралы жалған хабарландыруларды танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде жариялап, азаматтарды алдап отыр.
Алаяқтар жұмыс іздеушілерді тұзағына түсіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Жалған сайттарға сілтемелер жібереді. Жеке деректерді жинауға арналған сауалнамалар ұсынады. Зиянды мобильді қосымшаларды орнатуды сұрайды.
Сөйтіп осы бағдарламалар арқылы қылмыскерлер банк деректеріне, мессенджерлерге, тіпті құрылғыны басқаруға қол жеткізе алады.
Қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау керек:
— Жұмыс берушінің заңдылығын және ресми сайттың мекенжайын тексеру;
— Жұмысқа, оқуға немесе визаға рәсімдеу үшін ақша аудармау;
— Қосымшаларды тек Google Play және App Store ресми дүкендерінен жүктеу;
— Ресми шарт жасалмайынша жеке куәлік пен банк картасы деректерін ұсынбау;
— Делдал немесе агенттік қызметін пайдаланған жағдайда, оның тіркеу нөмірін және шетелдік жұмыс берушімен жасалған шартты сұрау.
Ал күмәнді жағдай болса, дереу полицияға хабарласу керек.
Ең дұрысы – жұмыспен қамтумен айналысатын ресми мекемелерге жүгіну.
JQ-Aqparat