
Бүгінгі таңда жастарды нәтижелі жұмыспен қамту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осыған сәйкес, елімізде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобалар белсенді жүзеге асырылып, жергілікті Мансап орталықтары мен Еңбек мобильділігі орталығы арқылы үйлестіріледі. Мансап орталығы – жастардың еңбекке араласуын қамтамасыз ететін, кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Ал Еңбек мобильділігі орталығы оқуды жаңа бітірген жастарға, жалпы жұмыс ездеген жандарға жол көрсетіп, жөн сілтейді. Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында осы екі орталық та ойдағыдай жұмыс істеп тұр.
Жастарды жұмыспен қамтуға арналған алаң
Жұмыс іздеп жүрген немесе мамандығы бойынша тәжірибе жинағысы келетін жастар үшін Мансап орталығы – сенімді қолдау нүктесі.
«Жастар практикасы» – оқу орнын бітірген, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған. Бұл бағдарлама түлектерге мамандығына сәйкес алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Жұмыс мерзімі – алты ай.
«Алғашқы жұмыс орны» – еңбек өтілі жоқ жастарды кемінде 12 ай тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді. Жоба жұмысқа жаңа орналасқан жастарға тәжірибе жинақтап, әрі қарай тұрақты еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі.
Шымкент қаласындағы Мансап орталығы – жұмыс іздеуші жастарға кеңес беру, бос жұмыс орындарын ұсыну, қайта даярлау курстарына бағыттау, кәсіби бағдар беру қызметтерін кешенді түрде көрсетеді. Бұл орталық – жастар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді байланыстырушы алаң.
Биылғы жылға арналған жоспарға сай, қаладағы Мансап орталығы арқылы аталған жобалар бойынша жастарды қамту деңгейі арттырылып, өңірдегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендетуге нақты қадамдар жасалуда.
Қаладағы Мансап орталықтары Абай ауданында – Арғынбеков көшесі, 243/3;
Еңбекші ауданында – Астана шағынауданы, 106; Әл-Фараби ауданында – Байтұрсынов көшесі, 201; Қаратау ауданында – Бәйтереков көшесі, 89;
Тұран ауданында – Қазыбек көшесі, 50 мекенайларында орналасқан.

Жұмысшы жастар – ел ертеңі
Еліміздің экономикалық дамуы мен өндірістік әлеуетінің артуы – білікті мамандардың, әсіресе еңбек нарығына енді қадам басқан жастардың табанды еңбегімен тікелей байланысты. Соңғы жылдары жастардың өндіріс орындарында белсенді еңбекке араласып, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы қуантады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің өндіріс саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға, соның ішінде өз жолын енді бастаған жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау мен құрметтің белгісі.
Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың бірі –Еңбек мобильділігі орталығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы. Биылғы жылдың өзінде аталған бағдарлама аясында 1 643 жас уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.
Солардың бірі – Нұрсұлу Оразалы, бүгінде «Назар Текстиль» кілем фабрикасында тоқыма операторы болып еңбек етуде. Ол 2025 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы №5 кәсіптік колледжді тоқыма өндірісі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алған. Кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасына тіркеліп, ресми түрде жұмыссыз ретінде есепке алынады. Аудандық Мансап орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, сол арқылы өз мамандығы бойынша жұмысқа жолдама алады.
– Бұл фабрикаға алғаш рет колледжде оқып жүрген кезде өндірістік тәжірибеден өту үшін келген едім. Сол кезде-ақ ұжымның ынтымағы мен еңбек тәртібі ұнаған болатын. Колледжді аяқтаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы осы жерге қайта оралып, жұмысымды бастадым. Мұнда мен сияқты жастар көп. Ұжымда бір-бірімізге қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазір кілемнің түр-түсіне қарай жіптерді тоқыма құрылғысына дайындау жұмысымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы – мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін, – дейді Нұрсұлу Нұржанқызы.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы еңбек мобильділігі орталығы