
Қоғамдағы масылдық психологиясы – тек әлеуметтік құбылыс емес, ел дамуына тікелей әсер ететін өзекті мәселе. Сондықтан бұл бағытта жастарды еңбекке ынталандыру, азаматтық белсенділігін арттыру және өз бетімен әрекет ету қабілетін қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты саналады. Осы тақырып төңірегінде Jas Qazaq тілшісі Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметовпен сұхбаттасты.
– Заңғарбек Нышанбекұлы, қоғамда масылдық көзқарасына қарсы қандай идеологиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Жалпы масылдыққа қарсы түрлі шаралар жүйелі түрде іске асып келеді. Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында оқушылар мен студенттерді адал еңбек етуге, мамандық игеруге баулуға бағытталған танымдық және тәрбиелік сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ кәсіпорындарға арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, қайта даярлау курстары жүргізіледі. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сапалы білім алу, мамандық игеру және еңбекке құрметпен қарауды насихаттайтын материалдар, репортаждар, бағдарламалар тұрақты жарияланып отыр.
– Жастарды еңбекке ынталандыру үшін қандай нақты бағдарламалар қолданылады?
– Жастар арасында “Жастар практикасы”, “Ақылы қоғамдық жұмыс”, “Әлеуметтік жұмыс орны”, “Алғашқы бос жұмыс орны” бағдарламалары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, “Көш-қон” және “Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару”, “Күміс жас” жобалары да түсіндіріліп, қолдау көрсетілуде. Кәсіптік оқыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету бастамалары бар. Отбасы банкінің “Наурыз” бағдарламасы да жастарға мүмкіндіктер ұсынуда.
– ҮЕҰ немесе жастар ұйымдарымен бірлескен жобалар жүзеге аса ма?
– 2025 жылға “Жастардың қоғам өмірінде белсенділігін арттыру бағытында жастармен диалогты дамыту және жастар бастамаларын қолдау” жобасы қаралған. Мақсаты — жастар арасында азаматтық белсенділікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, әлеуметтік жауапкершілік пен шығармашылық әлеуетті арттыру, әрі еңбекке құлшынысты күшейту, сондай-ақ еңбекке құлшынысты күшейту арқылы қоғамдық пайдалы бастамаларды қолдау. Аталған бағытта өзге де жобалар мен іс-шаралар іске асырылады.
– Масылдыққа қарсы іс-шараларыңыз туралы толық мәлімет беріп өтсеңіз.
– Алдағы уақытта жастардың еңбекке құлшынысын арттыру, масылдықты азайту және өз бетімен әрекет ету қабілеттерін дамыту мақсатында Шымкент қаласында бірнеше жаңа бастамалар мен іс-шаралар қолға алынуда. Олар:
1. Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін жоғары оқу орындары мен колледждерде заңгерлер мен сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар мен кездесулер. Бұл жастардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, сондай-ақ заңсыз әрекеттерден аулақ болуына ықпал етеді;
2.Масылдық көзқарасты жою мақсатында жастарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беретін жобалар әзірленуде. Атап айтқанда, тәжірибелі кәсіпкерлердің қатысуымен менторлық бағдарламалар, бизнес жүргізу бойынша оқыту курстары қарастырылған;
3.Пробация есебіндегі және әлеуметтік осал топтағы жастарға психологиялық көмек пен кеңес беру жұмыстары жалғастырылып, оларды қоғамға қайта бейімдеу үшін мотивациялық тренингтер ұйымдастырылатын болады;
4.Жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық жауапкершілікке үйрету мақсатында арнайы форматтағы іс-шаралар — этномәдени кездесулер, еріктілік жобалар және еңбек лагерлері өткізу жоспарлануда;
5.Мемлекеттік бағдарламалар арқылы сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағыттау, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру және жеке қабілетіне қарай кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық