jasqazaq.kz

Шымкент: Жәрмеңкеден жұмыс табу оңай

Бүгін, 14:04

Қоғамдағы ауыр дерттің бірі масылдық десек, оған қарсы күресудің ең тиімді тәсілі – бос жүрген жандарды жұмыспен қамту. Осы орайда еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында біраз іс-шара қолға алынып, өз нәтижесін беріп отыр. Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл Шымшаһарда 49 655 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Қазіргі кезде осы көрсеткіштің басым бөлігі орындалып, 48 174 азамат түрлі қолдау тетіктеріне қатыстырылды. Бұл – белгіленген меженің 97 пайызы. Сала мамандары жыл соңына дейін жоспардың толық орындалып қана қоймай, кейбір бағыттар бойынша көрсеткіш жоғарылауы мүмкін екенін айтады.

Тұрғындарды жұмыспен қамту ісінде, әсіресе, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің пайдасы мол екенін айтқан абзал. Мәселен, жыл басынан бері қалада сегіз рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Әрбір іс-шараға өңірдегі кәсіпорындар белсенді түрде атсалысып, тұрғындарға түрлі бағыттар бойынша 1500-2000-ға жуық вакансиялар ұсынылған. Жұмыс берушілер өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, құрылыс, білім беру және медицина салалары бойынша өздерінің талаптары мен еңбек шарттарын ұсынады. Ал жұмыс іздеп келгендер жәрмеңкеде мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратқа қол жеткізеді. Оларға «Жастар практикасы», кәсіби қайта даярлау курстары, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орындары», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жобалар туралы түсіндіріледі. Өз кәсібін ашқысы келетіндерге қайтарымсыз грант алу мүмкіндіктері таныстырылады. Сондықтан мұндай жәрмеңкенің екі жаққа да, яғни жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге тиімді екенін дәлелдеудің қажеті шамалы.

Мәселен, бүгінге дейін қала аумағында өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде 1000-ға жуық қала тұрғыны тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасқан. Шымкент қаласы еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, 615 азамат тұрақты жұмыс тапса, 269 адам уақытша жұмысқа қабылданды. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалада жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды көрсетіп отыр. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3 пайызға төмендеген.

Шымшаһарда күздің соңы айында өткен «Еңбек – өмірдің тұтқасы» жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Мұнда 100-ден астам жұмыс беруші өз кәсіпорындары туралы мағлұмат беріп, 2000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендер өндіріс, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өзге де салалар бойынша бос жұмыс орындарымен танысып, жұмысқа орналасу талаптары мен шарттары туралы толық ақпарат алды.

Аталмыш іс-шараға шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков те бас сұғып, жұмыс берушілермен жүздесті. Осы орайда қала әкімі кәсіпорын өкілдеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, айлық жалақыны және міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қажеттігін қатаң ескертті. Сондай-ақ бос орындар жәрмеңкесінің тұрғындарды жұмыспен қамтудағы маңызына тоқталды.

Жәрмеңкеде Еңбек мобильділігі орталығының мамандары арнайы кеңес беру алаңын ұйымдастырып, 227 мекеменің 1500-ден астам бос жұмыс орнын таныстырды. Жұмыс іздеушілерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар және жұмысқа орналасудың тиімді жолдары түсіндірілді.
Мұндай жәрмеңкеге қаладағы ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының қатысуы маңызды екені сөзсіз. Бұл жолы «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Алтын-Дан», «Marvik Partners», «Wan Sheng Ceramic», «Karlskrona», «Altyn Land», «Фиркан», «OKS Group», «Rixos Khadisha Shymkent» сияқты жетекші компаниялар өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс іздеушілер олардың жұмысы мен қойылатын талаптарымен танысып, кейбіреуі тіпті әңгімелесуден өтіп үлгерді.

«Еңбек – өмірдің тұтқасы» жәрмеңкесінде мемлекеттік қайтарымсыз грантпен кәсіп ашып, дөңгелетіп отырған 431 адам өз өнімдерін таныстырды. Олар мемлекет қолдауына сүйеніп, ерінбей еңбектенудің арқасында зор жетістікке жетуге болатынын дәлелдей түскендей.
Сондай-ақ кәсіптік оқыту бағытында білім беретін жеті оқу орталығы да өз қызметімен таныстырды. Мәселен, тәжірибелі тігінші, дизайнер Үмида Мірсәлімова өз ашқан орталыққа 5–6 тігінші қажет екенін, жалақы көлемінің 180–200 мың теңге екенін айтты.
Өз кезегінде Еңбек мобильділігі орталығы мен аудандық мансап орталықтарының мамандары Enbek.kz порталының қызмет туралы келушілерге егжей-тегжейлі түсіндірді. Онлайн резюме әзірлеу, электронды еңбек биржасындағы бос орындарды қарау, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату жолдарын көрсетіп берді.
700-ден астам адам қатысқан жәрмеңке қорытындысы мынадай:
• 86 адам тұрақты жұмысқа;
• 19 адам субсидияланатын жұмыс орындарына (алғашқы жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы);
• 60 адам enbek.kz порталы арқылы «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелуге;
• 56 адам ерікті қоныс аудару бойынша түсіндірме алуға;
• 12 адам кәсіптік оқытуға;
• 32 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантқа өтініш білдіруге мүмкіндік алды.
Әлеуметтік осал топтарды да қамтыған жәрмеңке еңбек нарығында белсенділікті арттырып, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына нақты қолдау көрсетті.

JQ-Aqparat

Фото: Акимат города Шымкент

26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті
12 қараша, 13:39
Алматының Бостандық ауданында жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын