
Өткен аптада Шымкентте тергеу органдары 191 қылмыстық іс тіркеді, оның сегізі сотқа жолданған. Ең жиі кездесетін қылмыс түрлері: алаяқтық (61), ұрлық (47), есірткі заңсыз айналымы (12) және жол-көлік оқиғалары (6). Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент әкімдігінің ресми өкілі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтып өтты.
Алаяқтықтың басым бөлігі интернет-алаяқтыққа байланысты: тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестицияға ақша салу, жалған қоңыраулар және несие рәсімдеу. Мәселен, белгісіз адам жергілікті аурухананың қызметкері болып шығып, 1 200 000 теңге қаражатын жымқырған.
Сондай-ақ интернет арқылы есірткі сатылымына қатысты қылмыстар да тіркелуде. Тұрғындарға банк карталарын ешкімге бермеу, белгісіз адамдардан ақшалай сыйақы алмау, күмәнді жағдайларда 102-ге хабарласу ұсынылады.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, ұялы телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілердің ережелерді бұзуы, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты ережесіз басқаруы және алкогольді масаң күйде көлік жүргізу. Сондықтан ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі үшін ережелерді сақтау маңызды.
Көп қабатты үйлерде велосипед, бала арбалары және ұқсас заттардың ұрлануы да артып отыр. Мысалы, 14 қарашада 17 ш/а, 11 үйден белгісіз адам «Стеллс» велосипедін жымқырған. Осы орайда тұрғындарға заттарды қараусыз қалдырмау ұсынылады.
Сондай-ақ баспасөз жиынында шаһардың Қаратау ауданында экологиялық тәртіпті сақтау бақылауда екені айтылды.
Қаратау ауданындағы 192-орам, 638 мекенжайында орналасқан «СТ-Бетон» ЖШС өндірістік нысаны қызмет атқарып келеді. Жер телімінің нысаналы мақсаты өндіріс қызметіне сәйкес.
Тұрғындардан түскен шағымдарды ескере отырып, Қаратау ауданы әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдар кешенді тексеру жүргізді. ЖШС тарапынан заң бұзушылықтар анықталмағанымен, тұрғындардың пікіріне мән беріліп, зауыт басшылығы өндіріс нысанын ағымдағы жылдың соңына дейін өзге аумаққа көшіруге әкімдікке кепілхат берді.
Қазіргі уақытта көшіру жұмыстары басталып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл қадам ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған.
JQ-Aqparat