Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Шымкент қаласында мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетіп келеді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шынқысбаеваның мәліметінше, Шымкент қаласында өткен жылдың шілдесінен бастап арнайы жоба қолға алынған. Сол жоба шеңберінде жалпы сомасы 576,970 млн теңгеге жабдық жеткізілді.
Мәселен, тірек-қимыл аппараты бұзылған 114 бала инновациялық-техникалық құралдарға қол жеткізді. Олардың әрқайсысы үшін жеке жаттығулар тағайындалды және олардың қал-жағдайы тұрақты түрде бақыланады. Соның нәтижесінде олардың 18-і аяғынан тұрды, қалғандарының қимыл-қозғалысы едәуір жақсарыпты. Ләззат Шыңқысбаеваның атйуынша, оңалту шараларына Шымкент, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарынан 306 мүгедектігі бар бала тартылған.
Білім саласында:
–Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 98 арнайы мектепті жарақтандыру аяқталды: оның ішінде Шымкент қаласы бойынша жалпы сомасы 149 млн теңгеге 5 арнайы мектеп күрделі жөндеуден өтті.
–2022-2024 жылдары халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 мыңнан астам студент Қордың білім беру гранттарының иегері атанды, оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 225 студент грант иегері атанды.
Спорт саласында:
–QH «Тұсау кесер» қайырымдылық жобасы аясында 2022 жылдан бастап Шымкенттегі ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды.
–Бұл жоба Астана, Алматы, Семей, Атырау, Ақтау, Өскемен, Петропавл қалаларында жүзеге асырылуда. Балаларға арналған жаттығулар тегін өткізіледі.
Ұлттық қайырымдылықтың IV конференциясы аясында Қордың қолдауымен жүзеге асырылған маңызды нысандарды таныстыру мақсатында Шымкент қаласында өңірлік баспасөз туры өтті. Журналистер Қордың бастамаларымен жеке танысып, қайырымдылық жобаларының нәтижесін көзбен көріп қайтты.
Ләззат Алтынбекқызының айтуынша, қор Шымкентте көптеген әлеуметтік жобаларға қолдау көрсеткен. Осы орайда ол: «Қор 64 202 061 теңге сомасына Ерте араласу орталығына оңалту жабдықтары мен жиһаздарын сатып алды. Жобаның мақсаты — дамуында кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар балаларға, сондай-ақ олардың отбасыларына ерте диагностикалық және реабилитациялық көмек көрсету», — деді.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент