Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті тазалық акциясы ұйымдастырылды. Әдеттегідей, қала тұрғындары қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, Шымшаһарды көркейтуге деген құлшынысын көрсетті.
Бұл жолы шаһардағы бес ауданда бірдей кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Әл-Фараби ауданының Терiскей шағын ауданындағы №33, 35 және 37 тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтар тазартылды. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде көп қабатты үйлердің ауласы тазарып, құлпырып шыға келді.
Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттырады.
Қала тұрғындары бірауыздан: «Табиғат – біздің аманатымыз. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы – келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Бүгінгі сенбілік – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан мұндай бастамаларға барша тұрғындардың қатысуы қажет», — дейді.
Сенбілік жұмыстары Шымкенттің өзге аудандарында да жоғары қарқынмен өтті. Абай ауданында Ақжайық шағын ауданындағы Асфендияров көшесінің бойы тазаланса, Еңбекші ауданында №30 мектеп маңы ретке келтірілді. Қаратау ауданында Нұртас шағын ауданындағы Кеңжарық және Құлагер көшелерінің бойы күл-қоқыстан аршылып, Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулалары абаттандырылды.
Қаланы тазарту жұмыстарына жастар да белсенді түрде қатысты. Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен еріктілер мен қала жастары экологиялық шараға белсенді атсалысып, өз үлесін қосты.
Жалпы бүгінде Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нақты нәтижесін көріп отыр. Қалада тазалық мәдениеті қалыптасып келеді, әрі бұл бастамаға халықтың ықыласы да күн санап артуда. Қала тұрғындарының пікірінше, мұндай бастамалар тек экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, көршілер арасындағы сыйластық пен өзара ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.
«Тазалық – иманның жартысы» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі өткізілген тазалық шарасы Шымкент қаласының жасыл келбетін сақтап қана қоймай, қоғам мүшелерін ортақ жауапкершілікке, табиғатты аялауға және туған жерді көркейтуге шақырып отыр.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы әкімдігі