jasqazaq.kz

Шымкент: «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті

09 тамыз, 13:12

9 тамыз күні Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері, коммуналдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлік субъектілері, еріктілер, аудан белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары «Шымисти» шағын ауданында жүргізілді. Әл-Фараби көшесі мен өзге де көшелерде жолдар, аяқжолдар, ирригациялық жүйелер тазартылып, шөптер орылды, газон қырқылып, өзге де санитарлық жұмыстар атқарылды. Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 34 тонна қоқыс шығарылды.

Әл-Фараби ауданында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөптер орылды және аумақтар қоқыстан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 414 адам қатысып, 14 арнайы техника пайдаланылды. Жалпы, 32 тонна қоқыс шығарылып, полигонға жеткізілді.

Еңбекші ауданында жол жиектері тазаланып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөптер шабылып, аулалар мен қоғамдық аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысып, 31 техника жұмылдырылды, 75 тонна қоқыс шығарылды.

Қаратау ауданында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмас Абаев қатысып, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа және өз ортасын таза ұстауға шақырды. Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен еріктілер бірлесе отырып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Тұран ауданында тазалық жұмыстары бір мезетте бес аймақта өтті. Сенбілікке 20-дан астам арнайы техника мен жүздеген қала тұрғыны қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды тұрғындарға арнаған сөзінде қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті.

— «Тазалық – мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың белгісі. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады. Бүгінгі сенбілік – табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі», — деді ол.

Сенбілікке қала тұрғындарымен бірге ақ жаулықты әжелер де қатысып, жастарға үлгі көрсетті. Олар табиғатты қорғау – келешек ұрпаққа қалатын аманат екенін айтып, мұндай шараларға барлық тұрғындардың атсалысуы маңызды екенін жеткізді.

Жалпы, қала тұрғындары «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын оң қабылдап, белсенді қолдау көрсетуде. Соңғы уақытта Шымкентте тазалық мәдениетіне деген ерекше көзқарас қалыптасып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігі артып келеді.

Мұндай сенбіліктер қаланың көріктенуіне, қоршаған ортаның жақсаруына және ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге зор үлес қосатыны сөзсіз.

JQ-Aqparat

Сурет: Шымкент қаласы әкімдігі

Бүгін, 10:44
Дархан Сатыбалды Алматыдағы жаңа скверді аралады
31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу