
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков апта басында Тассай шағынауданының тұрғындарымен бірге табиғи газ қосу рәсіміне қатысты. Газбен қамтамасыз ету жобасының екінші кезеңі аясында 1 700 абонентке көгілдір отын жеткізілмек. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент әкімдігінің ресми өкілі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осы жайында толық мағлұмат берді.
Бұған дейінгі бірінші кезеңде 800 абонент табиғи газды пайдаланып келеді. Жыл соңына дейін қалған үйлерді де коммуналды игілікке қосу жоспарланған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға табиғи газды жеткізудің маңызды жаңалық екенін атап, бұл қадамның қаладағы өмір сапасын жақсарту мен инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды іс екенін жеткізді. Сондай-ақ мердігер мекемеге құрылыс сапалы әрі уақытылы атқарылғаны үшін алғыс білдірді.
Жобаның толық жүзеге асырылуы нәтижесінде 3 345 абонентке табиғи газ қосылып, тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы шамамен 70 шақырымға жетеді.
Бұл бастама – Тассай тұрғындары үшін тұрмысты жеңілдетіп, қаланың коммуналды инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Сондай-ақ брифингте Шымкент қаласында тұрғындардың қысқы демалысын тиімді өткізу мәселесі де сөз етілді. Осы мақсатта ашық аспан астындағы мұз айдындарын ұйымдастыру жұмыстары басталған көрінеді. Қала аумағында екі үлкен мұз алаңы жеке кәсіпкерлердің бастамасымен салынатын болды.
Бірінші мұз айдыны Байтұрсынов көшесі бойындағы Спорт сарайы жанында орналасады. Бұл жобаны «Europrom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз есебінен жүзеге асырады.
• Мұз алаңының көлемі – 550 м² (34х17 метр);
• Ай сайын келушілер саны шамамен 20–30 мың адам болуы күтілуде;
• Тоңазытқыш жабдығының энергия тұтынуы – 400 кВт/сағ (іске қосу кезінде – 800 кВт/сағ);
• Су тұтыну көлемі – айына 40–60 м³.
Екінші мұз айдыны Арбат аллеясында орналастырылмақ. Бұл нысанды «Mega Most Construction» компаниясы салуды жоспарлап отыр.
• Мұз алаңының көлемі – 1830 м² (150х12,5 метр);
• Ай сайын келушілер саны 50–60 мың адам шамасында;
• Тоңазытқыш жабдығының энергия тұтынуы – 400 кВт/сағ (іске қосу кезінде – 800 кВт/сағ);
• Су тұтыну көлемі – айына 80–100 м³.
Қазіргі таңда аталған жобалар бойынша жеке кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.
Бұл бастама – қала тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді әрі қауіпсіз қысқы демалыс аймақтарын ұсынуға, сонымен қатар мегаполистің спорттық және мәдени өмірін жандандыруға бағытталған.
JQ-Aqparat