
Бүгінде Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газын (СМГ) өткізу бойынша 44 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Қала аумағында 4 газ толтыру станциясы мен 203 автогаз құю бекеті қызмет көрсетуде.
Энергетика министрлігі 2025 жылдың IV-тоқсанына арналған бөлініс бойынша қазан айында – 7 043 тонна, қосымша өтінім негізінде – 1 008 тонна, қараша айына – 8 410 тонна көлемінде СМГ бөлді. Қалаға ай сайын орта есеппен 12 мың тонна сұйытылған газ қажет.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Iымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі – әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек сұйытылған мұнаймен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің ресми деректеріне сәйкес, қазіргі таңда қалада 66 381 автокөлік сұйытылған газбен жүруге бейімделген. Соңғы уақытта автокөліктер санының артуы, сонымен қатар транзиттік және басқа өңірлерден келетін автокөліктердің де газ жүйесін пайдалануы салдарынан уақытша тапшылық байқалып отыр. Айта кеткен жөн, мұндай жағдай тек Шымкент қаласында емес, көршілес өңірлерде де уақытша сипатта туындап отыр.
Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар мәселені кезең-кезеңімен шешу шараларын қабылдап, газ жеткізу кестесін бекітті. Қаладағы газ ұйымдарымен бірлесіп күнделікті мониторинг жүргізілуде. Тұрғындар мен кәсіпкерлерді СМГ-мен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы бақылау жалғасып жатыр.Тиісті көлемдер бөлініп, мәселені кезең-кезеңімен шешу шаралары қабылдануда.
Сәрсен Құранбек жиында Шымкент қаласының Алтынтөбе (2-кезек) тұрғын алабын сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету жобасы қарқынды жүзеге асып жатқанына тоқталды. Ауқымды коммуналды-инженерлік жобаның екінші кезеңін аяқтау 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мамандар газ құбырларын тарту, қосылу нүктелерін орнату және барлық инженерлік инфрақұрылымды техникалық талаптарға сай іске асыру жұмыстарын жалғастыруда.
Жоба жүзеге асқаннан кейін 124 үй немесе мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылып, экологиялық таза әрі тиімді отын түрін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Аталған жұмыстар Шымкент қаласы әкімдігінің Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тұрақты бақылауында. Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, өмір сүру жағдайын жақсарту.
JQ-Aqparat
Сурет: gov.kz