Еліміздің екі аймағында отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың балдық үлгісін қолдана отырып, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін сақтай отырып, шынымен мұқтаж азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба шеңберінде Шымшаһарда скоринг моделін енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Осы орайда 26 тамыз күні Шымкент қаласындағы «Ten Qogam» бейімдеу орталығында Еңбекші аудан тұрғындары мен мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» бойынша жиын өткізілді.
Жиында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Отбасы банк» өкілдері осы жоба жайында жан-жақты мағлұмат беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін түсіндірді.
Цифрлық платформа негізінде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Отбасылардың әл-ауқаты 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш негізінде бағаланып, 6 санатқа бөлінеді. Қажетті қолдау цифрлық платформа арқылы автоматты түрде тағайындалады. Мемлекеттік жәрдемақылар сақталады, ал қосымша көмектер (тегін тамақ, жатақхана, емдеу, тұрғын үй көмегі) нақты мұқтаж азаматтарға жергілікті бюджет есебінен беріледі.
Отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде табыс, мүлік, көлік, несие, денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі мен бейресми табыс ескеріледі.
Егер отбасында екі үй, екі көлік, тіркелген заңды тұлға болса және табыс күнкөріс деңгейінен төрт есе көп болса, ол қосымша қолдауға жатпайды.
Ал 1–5 санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде беріледі.
Айта кеткен жөн, скоринг моделі 41 мемлекеттік жәрдемақыға әсер етпейді – олардың төлемі өзгеріссіз қалады.
Жиын соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы