Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамын насихаттауға бетбұрыс жасады. Өйткені қоғамда маңдай терін төгіп, бала-шағасына адал асын жеткізіп жүрген қаншама еңбек адамдары бар. Ербек Бакиев: «Сіз бен біз осы қалада тұрып жатырмыз. Әркім өз қаласын жақсы көрсе, алдындағы тасты жолынан алып тастаса да, келесі адамның жүруіне қандай күш болар еді. Адам теңізге теңелсем дейді. Біз бергі жағалауын ғана көріп, бағамдап жатамыз. Оның ішкі жан дүниесіне үңілмейміз. Сыртқы болмыс бөлек. Адамдық болмысты сатып ала алмаймыз. Санамызды тазалап, нұрландырып тұру үшін бір аптада бір кітап оқиықшы! Мейлі бір кітапты бір ай оқыңыз, мейлі екі ай оқыңыз, бірақ соны түсініп оқып, сол кітаптан азық алсаңыз, оның өзі үлкен жетістік. Бір кітапты табу үшін мың кітапты оқимыз. Мың кітаптың ішінен сол бір кітабын табамыз. Нарықтық қымбатшылық заманда қыбырлап еңбек етсең ғана ақша болады. Керегіңнің барлығын мемлекеттен сұрай берген де болмайды. Көзін тап та, еңбек ет. Барды бағалай алмайтын уақытта тұрмыз. Үйде отырып, әр түрлі пікірлерді жазып, оңды-солды түкірігін шашып отырған адамдар оның орнына кітап оқып, жақсы ақпараттарды, руханиятты бойына сіңірсе, нұр үстіне нұр. Әр нәрсеге оң көзқараспен қараса, сәтсіздік пен кереғарлық азаяды. Тәрбие басы – тал бесіктен. Баламыздың өзін қазір қалай тәрбиелейміз? Мектепке барса, «Сені ұрды ма? Сен де оны аяма!» деп айтамыз. Ал баланы мейірімді етіп тәрбиелесек, мәселенің бәрі шешіледі. Бізден алдыңғы толқын қандай еді? Жасындай жарқылдап өткен Ғани Мұратбаев небәрі 23-ақ жыл ғұмыр кешіп, қысқа да саналы ғұмырында аты Алашқа мәлім болды. Ташкентке барып бала оқытты, санасын зерделеді. Ал 27-ақ жыл өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болуға» талпынды. Дәл сондай 27 жыл ғұмырының соңында Шоқан Уәлихановтың қаншама құнды еңбектері қалды. Ал біз ұлт үшін не істеп жүрміз?! Өзіме-өзім осы сұрақты көп қоямын. Бәлкім, таудай тірлік тындырмаған шығармын. Әйтеуір айналама кесірімді тигізбей, жақсы сөзімді айтып, ешкімге қиянат жасамағанымның өзін жаныма медет етемін. Кішіпейілділік ешқашан адамды жамандыққа итермейді», — дейді. Оның масылдыққа қарсы ішкі түсінігі, міне, осындай.
Ербек Бакиевтің отбасы – асқақ армандарға ұмтылған, шүкірлікпен қанағат қылған, жоғына салауат айтқан, өмірдің әр сәтін бағалайтын бақытты отбасы. Оның өмірлік жары Ұлбосын Есқара да І-топтағы көз мүгедегі. Екеуі он жылдан бері жұп жарастырып келеді. Алтын асықтай үш ұлдың ата-анасы. Бір қуанарлығы, қос ғашықтың денсаулығындағы кінәрат бала-шағасына берілмегені.
«Құмарланбай тіршілік алтынына,
Мойынсұнам Жаратқан жарлығына.
Өміріме өкпем жоқ, ол – ақиқат,
Тәңір берген тәнтімін тағдырыма!» — деп жырлаған ақынмен болған сыр-сұхбаттан жүрек жарығымен ғұмыр кешкен қарапайым жанның өмірінен өрілген сырларымен сусындап, аз ғана өмірде мол үмітпен келер күнге ұмтылып, қиындыққа мойымай, тек қана алға батыл қадам басқан талпынысын таныдым. Д
Драматург Сая Қасымбектің «Шексіз теңіздің жырын тербеткен Шағаласыздар!» деп айтқанындай, бәріміз де Ербек ағадай тағдырымызға тәнті, өмірімізге құштар болайықшы!..
(Соңы)
Мөлдір Кенжебай