
Бүгін, Шымкент қаласының «Астана» алаңында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамына арналған «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер думаны ұйымдастырылды. Салтанатты шара халқымыздың төл өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын қала тұрғындары мен қонақтарына паш етті.
Мерекелік бағдарламаның шымылдығын «Қаратау» фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» күйімен ашты.
Сахна төрінде халық әндерімен қатар Ақан сері, Біржан сал, Кенен Әзірбаев сияқты ұлттық өнердің көрнекті тұлғаларының шығармалары орындалды. Дәстүрлі әншілер мен термешілер тыңдарманды терең тебіреніске бөле отырып, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті.
Күмбірлеген күй өнері шараның ерекше сәніне айналды. Құрманғазының «Байжұма», Сүгірдің «Аққуы», Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйлері орындалып, Астана алаңы ұлттық рухқа кенелді.
Қылқобыз, домбыра және басқа да фольклорлық аспаптардың үнімен шебер орындаушылар өз өнерлерін ортаға салып, аспаптық музыканың сан қырлы мүмкіндіктерін танытты.
Мерекелік думан «Қаратау» фольклорлық ансамблінің рухты «Қара жорға» күйімен салтанатты түрде қорытындыланды.
Бұл шара Шымкент қаласының мәдени тынысын айшықтап, қала тұрғындарына рухани азық беріп, Наурыз мерекесінің шырайын келтірді. Қатысушылар мерекелік думаннан ерекше әсер алып, ұлттық өнердің шынайы көрінісін тамашалады.