
Шымкент қаласында білім сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған «Сапалы білім» кешенді жобасы іске асырылуда. Аталмыш бастама оқыту сапасын көтеру, білім алшақтығын азайту, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыруды қамтиды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде айтып өтті.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, Шымкент қаласының мектептеріндегі оқыту сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыру негізінде білім сапасының тұрақты өсіміне қол жеткізу мақсатында «Сапалы білім» кешенді дамыту жобасы әзірленіп жатыр.
Жоба Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталық, біліктілікті арттыру орталықтары және Шымкент қаласындағы барлық орта білім беру ұйымдары арқылы іске асырылады.
Жобаның идеясы — педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, білім сапасының мониторингі мен тәрбие жұмыстары мен басқару жүйесінің сапасын арттыру, оқыту сапасын жақсарту үшін мектептерде жұмыс жасап жүрген біліктілігі жоғары мұғалімдер мен директордың орынбасарлары тәжірибесін тарату, жоғары нәтижеге қол жеткізу.
Қазіргі таңда аталған жобаның тұжырымдамасы мен жұмыс жоспары дайындалуда.
Сондай-ақ, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын кешенді түрде дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта білім беру үдерісін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар іске асырылмақ.
Қазіргі таңда білім беру саласында жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану XXI ғасыр дағдыларын қалыптастырудың негізгі шартына айналып отыр. Педагогтердің және оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, инновациялық құралдарды меңгеру мен білім беру процесіне енгізу -сапалы білімнің басты кепілі.
Осыған байланысты Шымкент қаласында инновация мен цифрлық оқытуды дамытуға бағытталған бірыңғай білім беру экожүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.
JQ-Aqparat