Шымкент қаласында ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «резеңке пәтерлерге» қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифтнгте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Мұндай шара азаматтарды нақты тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін қатаң сақтау және заңсыз тіркелген адамдарды анықтау мақсатында жүзеге асырылды.
ІІМ «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша қала аумағындағы 8 мекенжайда бір үйге 20-дан астам адам тіркелгені анықталды. Жалпы саны — 360 азамат. Осыған байланысты, 2025 жылғы 25 қыркүйекте аудандық полиция басқармаларына тиісті нұсқау жолданып, көрсетілген мекенжайлар бойынша тексеру жүргізу және нақты тұрмайтын тұлғаларды тіркеуден шығару тапсырылған.
Тексеру барысында аталған тізімдегі үш мекенжайдың студенттік жатақхана екені белгілі болды. Атап айтқанда:
• Әл-Фараби ауданындағы Сматлаева көшесі, №111 мекенжайында Ташенов университеті мен М.Тынышбаев колледжінің студенттер жатақханасы орналасқан;
• Ғ.Иляев көшесі, №25 мекенжайында — «Мирас» университетінің жатақханасы;
• Еңбекші ауданындағы Сайрам көшесі, №190/11 мекенжайында қыздарға арналған жатақхана бар.
Қалған бес мекенжай бойынша (Дулати көшесі 92 және 86 үйлер, Ынтымақ шағынауданы №251 үй, Тұран шағынауданы №53а үй 51-пәтер, 18-шағынаудан №6 үй 32-пәтер) үй иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 493-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тұрғылықты мекенжайында тұрмайтын азаматтар тіркеуден шығарылды.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай шаралар халықтың тіркеу есебін нақтылау, көші-қон тәртібін реттеу және тұрғын үй қорын тиімді пайдалануға бағытталған.
Сондай-ақ брифингте
Шымкент қаласында тұрғын үй қорының жаңартылуын көздейтін реновация бағдарламасы сөз етілді. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, азаматтарды жаңа әрі жайлы баспаналарға көшіру. Бұл жұмыстардың операторы ретінде «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ белгіленген.
Реновация бағдарламасы аясында күні кеше Көксай шағынауданында (бұрынғы «Зеленая балка» немесе «Нахаловка» деп аталған аумақ) жалпы 23 көпқабатты үйді (217 пәтер) бұзу және тұрғындарды жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету көзделген. Осы күнге дейін 8 үйдің (74 пәтер) тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді.
7 қазанда Нұрлыбаева көшесіндегі №10 үйдің 8 отбасы жаңа пәтер кілтін алды.
Көксай шағынауданының тарихы ғасырдан аса уақытты қамтиды — алғашқы үйлер мұнда 1915 жылы, теміржол құрылысы басталған кезеңде бой көтерген. Кейіннен тұрғындар өз күшімен, кейде құжатсыз үй салып, аумақтың инфрақұрылымы жүйесіз дамыған. Осы себепті шағынауданның тұрғын үй қорының көбі ескі әрі апатты жағдайда болған.
Реновация бағдарламасы аясында тек тұрғын үйлерді жаңарту ғана емес, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу да жоспарланған. Көксайда алдағы уақытта әкімшілік ғимарат, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мектепті кеңейту, көпқабатты тұрғын үйлер мен саябақтар салу және көпфункционалды сауда-логистикалық орталық ашу көзделіп отыр.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Көксайдағы жаңғырту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жоба Шымкенттің инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі