Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте шаһардағы су арналары мен өзендердің жай-күйін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылатыны айтылды.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өткен жылы Қошқар ата өзенінің «Ордабасы» алаңынан Жангельдин көшесіне дейінгі бөлігінде абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, өзеннің Жангельдин көшесінен Интернациональная көшесіне дейінгі аралығында құрылыс жұмыстары атқарылуда. Жоба мердігері – «HYDROLIFE-2050» ЖШС. Жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын учаскедегі жұмыстарды биылғы желтоқсан айында толық аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, Нұртас шағын ауданындағы «Кәусар» көшесінің бойында су тасқынының алдын алу мақсатында канал салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаның екінші кезеңі толығымен аяқталып, бірінші кезең бойынша ирригациялық лоток орнату жұмыстары басталды (340 метр). Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес желтоқсан айына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 2024 жылы 6 елді мекенде (Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл) Бадам өзенінің арнасын түзету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 9 шақырым учаске пайдалануға берілген. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, «HYDROLIFE-2050» ЖШС мердігерлігімен 5,3 шақырым аумақтағы жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Құрылыс толық аяқталуы желтоқсан айына жоспарланған.
Аталған жобалар су тасқынының алдын алып, қаланың экологиялық қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ жиында қаңғыбас жануарлар мәселесі сөз болды.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң талаптарына сәйкес, қаңғыбас жануарларды мерзімінен бұрын стерилизациялауға жол бермеу мақсатында операция жасау туралы шешім жануар уақытша ұстау пунктіне түскеннен кейін төртінші күні қабылданады.
Стерилизациядан кейін жануарлар операциядан кейінгі асқынулар болмаған жағдайда белгілі бір мерзім бойы бақылауда ұсталады: ұрғашылар кемінде 11 күн, еркектер 4 күн. Осы уақыт аралығында оларға тұрақты түрде су мен азық беріледі, торлар механикалық тазалаудан өтеді, қажет болған жағдайда емдеу шаралары жүргізіледі. Агрессия танытпаған жануарларға арнайы чип пен бирка салынып, дерекқорға тіркеліп, құтыруға қарсы вакцина егіледі. Бұдан кейін олар бұрынғы мекендеу ортасына қайтарылады.
2023–2024 жылдары бұл бағыттағы жұмыстар бәсекелестік ортаға беріліп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер анықталмағандықтан уақытша тоқтатылған болатын. Ал биыл «Ветеринариялық қызмет» МКК тиісті құзырлы органдармен келісім алып, үш білікті ветеринар-дәрігермен келісімшарт жасап, стерилизация (кастрация) жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.
Қалада бүгінгі күнге дейін 1 302 ит, 145 мысық зарарсыздандырылған.
Табиғи мекендеу ортасына 815 ит,
91 мысық табиғи ортасына жіберілген.
Зооеріктілер мен жеке тұрғындардың қамқорлығына 16 ит пен 43 мысық беріліпті.
Мұндай жұмыстар қала аумағындағы жануарлар санын реттеу, адамға жұғатын аурулардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Барлық шаралар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жүргізілуде.
JQ-Aqparat
Сурет: yandex.kz