Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту және бейімдеу жөніндегі халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарында екі негізгі басымдық бар. Бұл — жұмыспен қамту және білім беру. Мүмкіндігі шектеулі жанның біліп алып, жұмыс істеуі оның өмірге құштарлығын арттырып, қоғамға пайдалы екенін сезінуі үшін керек.
2016 жылы еліміздің заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ауыр жұмыс пен еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті орындарды есепке алмағанда, штаттық санының 2-ден 4 пайызға дейінгі мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота қолданылады. Қызметкерлер саны 50-ден бастап 100 адамға дейінгі кәсіпкерлік субъектілері үшін квота 2 пайызды, 101-ден бастап 250 адамға дейін 3 пайызды және 250 адамнан астам – 4 пайызды құрайды. Ал әлем бойынша салыстырсақ, көп елде бұл квота 6 пайызды құрайды.
Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымшаһарда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына айрықша мән беріледі. Ал Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған квота жүйесінің орындалу барысын «Amanat» партиясы тұрақты бақылап отырады. Осы мақсатта партияның Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов бастаған партия өкілдері қаладағы Жастар театрына арнайы барып, ондағы ахуалмен танысып қайтты.
Биылғы жылға арналған квотаға сәйкес, аталған театрға мүгедектігі бар азаматтар үшін 3 пайыз мөлшерінде – 2 жұмыс орнын бөлу міндеттелген болатын. Қазіргі таңда бұл талап толығымен орындалып, жыл басынан бері театрда екі азамат тұрақты жұмысқа қабылданған. Мекеменің жалпы штаттық саны – 88 адам.
Кездесу барысында Ербол Байқонысов аталған жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып өтті. Ол: «Amanat» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеуге, оларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Жұмысқа орналастыру — олардың өз мүмкіндігін көрсетуге, өмір сүру сапасын арттыруға жол ашады. Сондықтан мұндай қолдаулар уақытында әрі сапалы көрсетілуі тиіс», — деп атап өтті.
Жастар театрында жұмысқа орналасқан екі азаматтың бірі – сахна машинисі, екіншісі – бас суретші қызметін атқарып жүр. Мекеме басшылығы олардың кәсіби деңгейін жоғары бағалап, ұжымға пайдалы еңбек етіп жатқанын жеткізді.
Өткен жылы квота шеңберінде 200 мүгедектігі бар азамат 54 мекемеге тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады.
JQ-Aqparat
Сурет: «Amanat» партиясы