jasqazaq.kz

Шымкент: Көмекке мұқтаж отбасыларды анықтайтын скоринг моделі енгізіле бастады

28 тамыз, 14:36

Елімізде әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Әйтсе де, тәжірибе көрсеткендей, мемлекет жәрдемін алуға ауқатты отбасылар да «кет әрі» емес. Мұндай масылдық пиғылға тосқауыл қою үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұқтаж азаматтарды анықтайтын скорингтік модельді қолданатын Отбасының цифрлық картасын енгізуді қолға алған болатын. Бұл ең алдымен әлеуметтік көмек беру процесін жеңілдету үшін керек. Тағы бір пайдасы – мұндай цифрлық картаның арқасында жәрдемге мұқтаж отбасылар құжат тапсыру машақатынан құтылады. Үшінші мегаполисте скоринг моделін енгізу қалай жүзеге асып жатыр?

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева осы скоринг моделі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Оның айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік қолдауды әділ бөлу мақсатында отбасылардың өмір сүру деңгейін анықтайтын скорингтік модель енгізіле бастады. Бұл жүйе отбасының табысы мен мүлкін ғана емес, әлеуметтік жағдайы мен тәуелді жүктемесін де ескеріп, нақты кімнің көмекке мұқтаж екенін көрсетеді.

Отбасының материалдық жағдайын бағалау төрт бағытта жүргізіледі: материалдық жағдай, материалдық емес факторлар, тәуелділердің үлесі және көлеңкелі табыс көздері. Мысалы, ресми табысы аз болса да, бірнеше автокөлігі немесе қосымша мүлкі бар отбасы қолдау тізімінен алынып тасталады. Ал шынымен қиын жағдайда қалған азаматтар бірінші кезекте көмек алады. Жүйеде алты сатылы әл-ауқат шкаласы қарастырылған. Ол төтенше мұқтаждықтан бастап, жоғары тұрмыс деңгейіне дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен бірге, несиелік міндеттемелер, кәсіпкерлікпен айналысу, жер телімдерінің болуы сияқты критерийлер ескеріліп, отбасының нақты әлеуметтік бейнесі айқындалады.

Жаңа модель тек қаржылық жағдайды емес, отбасындағы әлеуметтік факторларды да қамтиды. Көп балалы немесе жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер мен қарттардың болуы отбасының қосымша көмекке мұқтаж екенін көрсететін белгі болып табылады. Бұған қоса, еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыс істемейтіндерді қаншалықты қамтамасыз ете алатыны есепке алынады. Бұл тәсіл әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, қолдауды ең қажет жандарға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.

JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қалсы Өңірлік коммуникациялар қызметі

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда