jasqazaq.kz

Шымкент: Қоғамдық көлік пен инфрақұрылым қарқынды дамуда

01 қазан, 14:57

Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Биыл жыл басынан бері қала аумағында 304 шақырым жолға асфальт төселді. Оның ішінде Абай ауданында – 80,4 шақырым, Тұран ауданында – 60,7 шақырым, Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым, Қаратау ауданында – 78,5 шақырым, Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым. Бұл жұмыстар шалғайдағы елді мекендердің орталықпен байланысын нығайтып, тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге елеулі үлес қосуда. Жалпы ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі – қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтып өтті.

Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды. Бұл бағыт Тоғыс тұрғын алабын қамтып, Мұнайбарлаушылар көшесінен бастап «Көл» аялдамасына дейін қатынайды. Жобаның алғашқы кезеңі пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды.
Жаңа бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыра түсті.
Сондай-ақ Шымкент қаласында электр энергиясымен қамтуды арттыруға бағытталған маңызды жоба – «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы аяқталуға таяды. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, бастапқыда 2023 жылы бітуі тиіс еді. Алайда кабель желісінің ұрлануына байланысты жұмыс мерзімі созылып, жоба 2024 жылға өтпелі болып танылды.

Өткен жылы 2 шақырымға жуық 110 кВ кабель желісі ұрланғандықтан, мердігер мекеме «ТПЭП» ЖШС оны өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қала әкімі мамыр айында нысанға арнайы барып, құрылыс қарқынын бақылап, жұмыстарды тамызға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Дегенмен кабельді дайындау, монтаждау және қосу технологиялық уақытына байланысты нысанды белгіленген мерзімде тапсыру мүмкін болмады. Мердігер компания нысанды қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда қосалқы станциядағы жұмыстар толығымен аяқталып, автотрансформаторларға және кабель жүйесіне қуат беріліп, сынақтан өткізілді. Кабель толық қуаттылықта қосылған. Енді нысанды ресми қабылдау актісі дайындалуда.
Жобаның жалпы құны – 6,5 млрд теңге. Бүгінге дейін 6,2 млрд теңге игерілді. Биылға 293,6 млн теңге қарастырылған. Құрылыстың ресми аяқталу мерзімі – 2025 жылғы 30 қыркүйек.
Бұл жоба іске қосылғанда шаһардың жаңа шағын аудандарының электр қуатымен қамтылуы едәуір жақсарып, қаланың энергетикалық инфрақұрылымына тың серпін береді деп күтілуде.

JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке