
Өткен аптада қалада жалпы 184 қылмыстық іс тіркеліп, оның алтауы сотқа жолданды. Ең көп кездесетін қылмыстар – алаяқтық (57 іс), ұрлық (43 іс), есірткінің заңсыз айналымы (10 іс) және жол-көлік оқиғалары (9 іс). Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі – әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек айтып өтті.
Алаяқтықтың басым бөлігі интернет арқылы жасалады. Жиі қолданылатын тәсілдер: тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестиция жасауға ақша аудару, банк қызметкері немесе мемлекеттік қызметкер атынан жалған қоңырау шалу, несие рәсімдеу. Мәселен, өткен аптада бір тұрғынға жергілікті аурухананың қызметкері атынан қоңырау шалып, 1 200 000 теңге қаражатты алаяқтықпен жымқырған.
Сонымен қатар, интернеттегі есірткі дүкендері жастардың заңсыз әрекетіне жол ашуда. Белгісіз адамдар банк карталары арқылы есірткі сатумен айналысып, адамдардан ақша алып кеткен фактілер тіркелді.
Қалада жол-көлік оқиғалары да көбейгені тіркелген. Негізгі себептер – жылдамдықты арттыру, телефонға алаңдау, рұқсат етілмеген жерден жолдан өту, кәмелетке толмағандардың ережесіз скутер мен самокат жүргізуі, мас күйінде көлік басқару.
Көпқабатты үйлерде велосипедтер, бала арбалары сияқты заттардың ұрлануы да күннен-күнге артып отыр. Мысалы, 6 қарашада Қонаев көшесіндегі бір үйден бала арбасы ұрланған.
Әрине, алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындар арасында түрлі түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отыр. Дегенмен әркім сақтық шараларын білуі тиіс. Осы орайда белгісіз адамдарға банк карталарын бермеу, қаржы немесе сыйақы талап еткен адамдарға сенбеу, қауіп туындаған жағдайда 102 нөміріне хабарласу сияқты қарапайым ережелерді есте сақтауға кеңес беріледі.
Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтап, ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қадағалауы тиіс.
Қала билігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарауға, ортақ игілікті қорғауға және вандализмге жол бермеуге шақырады. Өйткені қоғамдық орындар – ортақ кеңістік, оны сақтау әр азаматтың азаматтық борышы.
Айта кеткен жөн, Шымкент қаласында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы іске қосылған бастаманың нәтижесінде өткен жылы 600, ал биыл қосымша 752 аялдама павильоны жарықтандырылып, олардың атаулары орнатылған болатын.
Алайда соңғы уақытта кейбір азаматтардың жауапсыз әрекеттері салдарынан вандализм фактілері жиілеп отыр. Жыл басынан бері 175 аялдаманың жарық шамдары зақымдалып, тоқ желілері қасақана кесілген. Қалпына келтірілген нысандардың өзінде 70 аялдамада қайтадан жарық желілерін үзу оқиғалары тіркелген.
Қазіргі таңда барлық деректер бойынша материалдар жинақталып, тәртіп бұзушыларды анықтау және заң аясында тиісті шара қолдану үшін Полиция департаментіне жолданды.
JQ-Aqparat