Қазіргі таңда қалалардың дамуында инклюзивтілік – басты бағыттардың бірі. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру – заманауи құрылыс стандарттарының ажырамас бөлігі. Шымкент қаласында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте Jas Qazaq тілшісі Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдын Секенұлымен сұхбаттасып, инклюзивті құрылыс стандарттарының орындалу барысы, бақылау тетіктері мен болашақтағы жобалар жайында кеңінен әңгімелесті.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жобаларында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері қаншалықты ескерілуде?
– Қалада салынып жатқан барлық әлеуметтік және тұрғын үй нысандарында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі басты назарда. Құрылыс жобалары барлық нормативтерге сай жүргізіледі. Яғни, бұл стандарттарда қарастырылған барлық талаптар толық сақталып, құрылыс барысында ескеріледі.
– Жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде мүгедектерге арналған инфрақұрылым – пандустар, кең есіктер, тактильді жолдар, арнайы автотұрақтар қарастырылған ба?
– Иә, мұндай талаптар міндетті түрде ескеріледі. Жобалау кезеңінен бастап-ақ пандус, лифт, кең есік, тактильді бағыттаушы жолдар мен арнайы автотұрақтар сияқты қолжетімділік элементтері енгізіледі. Бұл – құрылыс басқармасы тарапынан қатаң қадағаланатын мәселе.
– Қалада бұрын салынған ғимараттарды инклюзивті ортаға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Әрине. Қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан нысандарда жоғарыда аталған нормативтер негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуы үшін барлық талаптар ескеріліп, құрылыс барысында жүзеге асырылады.
– Мүгедек жандарға арналған қолайлы орта құруда басқарма қандай нормативтік құжаттарға сүйенеді?
– Шымкент қаласының құрылыс басқармасы барлық жобалау және құрылыс жұмыстарында бекітілген стандарттарды басшылыққа алады. Бұл құжаттар тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық тәжірибелерді де қамтиды. Жеке құрылыс ұйымдарына қойылатын талаптар да жоғарыда аталған нормативтерге негізделген. Егер бұл талаптар орындалмаса, заң аясында ескерту жасалып, қажетті жағдайда айыппұл салынады немесе нысанды қабылдаудан бас тартуға дейінгі шаралар қарастырылады.
– Қала құрылысы саласында инклюзивті жобаларды ілгерілету үшін басқарма тарапынан қандай бастамалар бар?
– Құрылыс басқармасы барлық жобаларда инклюзивтілік стандарттарын сақтауға баса мән береді. Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытатын әрбір жоба бастамасы инклюзивті қағидаларға сәйкес болуы міндетті. Бұл – басқарма жұмысының ажырамас бөлігі.
– Көру немесе есту қабілеті шектеулі жандарға арналған ақпараттық жүйелер мен қауіпсіздік белгілері қалай ескерілуде?
– Жобаланатын және салынып жатқан нысандарда Брайль шрифтісімен жазылған белгілер, тактильді жолдар, дыбыстық жүйелер мен ақпараттық бағыттау элементтері қарастырылады. Бұл құралдар қауіпсіз орта қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады.
– Қаланың шеткі аудандарындағы инфрақұрылымдық жобаларда мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігі қалай қамтамасыз етіледі?
– Нысан қай жерде орналасса да, талап барлығына бірдей. Қаланың ортасы болсын, шеткі аудандар болсын, құрылыс нормативтері қатаң сақталады. Бұл тұрғыда ешқандай айырмашылық жоқ.
– Құрылыс басқармасы инклюзивті орта құруда басқа басқармалармен немесе ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс істей ме?
– Иә, біз «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен» тығыз байланыстамыз. Сонымен қатар, осы басқарма жанындағы комиссиялармен бірлесе отырып, жобаларды сараптап, ұсыныстар енгіземіз. Бұл – тиімді әрі үйлесімді жұмыс жүйесі.
– Жақын арада іске асырылатын қандай жобаларда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы орта құруға ерекше назар аударылып отыр?
– Қазіргі таңда Тұран шағын ауданында паралимпиялық және сурдлимпиялық спорт түрлеріне арналған спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл кешен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жабдықтармен, инфрақұрылыммен толық қамтылады. Сонымен қатар, барлық жаңадан басталатын әлеуметтік нысандарда инклюзивтілік басты талап ретінде қарастырылады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық