Инклюзивті білім беру – қоғамның өркениеттілігінің көрсеткіші. Бұл бағытта Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру, олардың білім алуға, шығармашылық және әлеуметтік тұрғыда дамуына толық мүмкіндік жасау – басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды, қиындықтар мен болашақтағы жоспарларды білу мақсатында Jas Qazaq тілшісі Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Дарыбаевамен сұхбаттасты.
– Гүлнара Тұрдыбайқызы, Шымкент қаласында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Шымкент қаласында инклюзивті білім беруді дамыту «Білім беруді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «2023–2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы» аясында жүйелі түрде іске асып келеді. Мақсат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға, қоғамдық өмірге тең дәрежеде араласуына мүмкіндік жасау.
Бұл стратегиялық құжаттар инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, ата-аналармен әдістемелік жұмыс жүргізу және барлық балаларға білім беру жүйесінде тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтиды.
Сонымен қатар, жыл сайын ерекше балалардың қоғаммен байланысын, шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында «Тең мүмкіндіктер әлемі», «Жұлдызай», «Біздің таланттар», «Шексіз шығармашылық», «Жаңа жылдық шырша» сынды мәдени-танымдық жобалар өткізіліп тұрады.
– Қала мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қандай жағдай жасалған?
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 24 арнайы мекемежұмыс істейді, олардың қатарында:
* 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация;
* 1 мемлекеттік, 11 жекеменшік психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті;
* 1 оңалту орталығы;
* 5 арнайы мектеп-интернат;
* 5 арнайы балабақша бар.
Жалпы білім беретін мектептерде де инклюзивті білім беру кеңінен енгізіліп жатыр. №12, 19, 24, 37, 58 және 132 мектептерінде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылып, толық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл кабинеттерде логопедтер, дефектологтар, педагог-психологтар және ассистент-педагогтер жұмыс істейді.
Ерекше балалардың мектеп ішінде еркін қозғалуын қамтамасыз ету үшін санитарлық тораптар, пандустар, тактильді жолақтар, кең есік ойықтары орнатылып, ғимараттар бейімделуде.
– Инклюзивті сыныптарда сабақ беретін мұғалімдер арнайы даярлықтан өте ме?
– Иә, педагогтердің біліктілігін арттыру – біз үшін маңызды. Соңғы үш жылда (2023–2025 жж.) 845 мұғалім арнайы және инклюзивті білім беру бойынша курстардан өтті. 2025 жылдың өзінде 300 педагог қайта даярлықтан өтті. Олардың басым бөлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы мен Ұлттық ғылыми-практикалық орталық арқылы оқытылды. Курстарда ерекше балалармен тиімді жұмыс жасау әдістері, жеке оқу бағдарламасын әзірлеу, инклюзивті орта қалыптастыру тақырыптары қамтылды.
– Қалада арнайы педагогикалық мамандар жеткілікті ме?
– Бұл салада кадр тапшылығы бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласында инклюзивті білім беру бойынша 747 арнайы маман жұмыс істейді:
* Дефектолог – 203
* Логопед – 306
* Сурдопедагог – 26
* Тифлопедагог – 11
* Олигофренопедагог – 4
* Педагог-ассистент – 197
Алайда, бұл жеткіліксіз. Әсіресе, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог сынды арнайы салаларда білікті мамандар тапшы. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін педагогикалық ЖОО-лармен және колледждермен ынтымақтастық орнатылып жатыр.
– Үйде оқыту немесе жеке оқу бағдарламасы қалай ұйымдастырылады?
– ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы №ҚР ДСМ-34 бұйрығына сәйкес, медициналық қорытынды негізінде мектепке бара алмайтын балалар үйде білім алады. Оқу процесі баланың психофизикалық жағдайына сай бейімделген бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, стационарлық ем қабылдап жүрген балаларға да білім беру жалғасады. Бұл оқушылар үшін жеке оқу кестесі әзірленеді.
– Ата-аналармен қандай жұмыс жүргізіледі?
– Ата-аналармен жұмыс Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі аясында жүргізіледі. Құрамына мектеп басшылығы, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, арнайы педагогтер, ассистент-педагогтер кіреді.
Қызметтің негізгі бағыттары:
1. Баланың даму ерекшеліктерін анықтау;
2. Педагогтер мен ата-аналарға әдістемелік кеңес беру;
3. Баланың білім алуына және әлеуметтенуіне қолайлы жағдай жасау.
– Болашақта инклюзивті білімді дамыту үшін қандай жобалар жоспарланып отыр?
– Алдағы жылдары инклюзивті білім беру саласында бірнеше ауқымды жобалар жалғасатын болады:
* «Тең мүмкіндіктер әлемі» және «Жұлдызай» фестивальдары;
* «Шексіз шығармашылық», «Жаңа жылдық шырша», «Біздің таланттар» жобалары;
* «Арнайы білім берудің жаңашыл педагогі», «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі» байқаулары.
Сонымен қатар, ерекше балаларға арналған логопедтік, сенсорлық, психологиялық бағыттағы жаңа кабинеттер ашу көзделуде.
– Инклюзивті ортада оқушыларға қандай қолдау көрсетіледі?
– Ең бастысы – физикалық қолжетімділік. Осы бағытта “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен «Табалдырықтан табалдырыққа дейін» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында Шымкент қаласындағы 25 мектепке 50 шынжыр табанды көтергіш орнатылды (әр мектепке 2 бірліктен). Сонымен қатар:
* Пандустар орнатылды;
* Арнайы белгілер қойылды;
* Санитарлық тораптар бейімделді;
* Кең есік ойықтары орнатылды.
Жалпы айтқанда, Шымкент қаласында инклюзивті білім беру жүйелі түрде дамып келеді. Бұл – тек білім беру саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ерекше балаларға тең мүмкіндік беру арқылы біз оларды қоғамға толық араластыра аламыз. Осы орайда ата-аналардың, педагогтердің және мемлекеттік құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуі – басты шарт.
Басқарма тарапынан барлық қажетті инфрақұрылым, кадрлық, әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да жалғасады.
Олжас Әбдіхалық