Еліміздің үшінші мегаполисі — Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және қолдау бағытындағы мемлекеттік шаралар жыл сайын жетілдіріліп, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қалада 42 479 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар — 8 275.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудағы тиімді тетіктің бірі — әлеуметтік қызмет порталы. Осы цифрлық платформа арқылы қажетті техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен тапсырыс беруге болады.
Бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мәселен, биыл жыл басынан бері оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес барлығы 41 788 өтініш қабылданып, оның 72,2 пайызы немесе 30 167 өтініш қанағаттандырылды.
Әлеуметтік қызмет жүйесін цифрландыру – азаматтардың қажеттіліктерін дер кезінде, ашық әрі ыңғайлы түрде қанағаттандыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастама инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам саналады.
Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау рәсімін оңтайландыру мақсатында «FSM Social» пилоттық жобасы іске қосылғанын айу керек. Бұл жоба қазіргі уақытта Қарағанды облысында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік комиссиялардың жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, мобильді қосымша арқылы жүргізілуде.
Жобаның басты мақсаты – шешім қабылдау процесін жеделдету, формалды тексерулерді болдырмау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Жаңа қосымша арқылы өтініш берушінің нақты орналасқан жері анықталып, отбасының материалдық жағдайы фотофиксация арқылы тіркеледі, содан кейін арнайы акт жасалады.
Қала аумағындағы төрт аудан бойынша құрылған мобильді топтар (жалпы саны – 752 лауазым иесі) өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды уақтылы анықтап, кешенді әлеуметтік көмек көрсетуге жұмылдырылған.
Пилоттық жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде бекітіліп, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға «Отбасын қолдау» орталығы жауапты. Шаһарда әзірге бір орталық жұмыс істеп тұр.
Жоба шеңберінде денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және пробация қызметтерінің өкілдерімен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы оқыту курсынан 552 қызметкер өтті. Қазіргі таңда жүйеде 240 мемлекеттік мекемеден 1 297 маман тіркеліп, өз қызметін атқаруда. Жүйеге 1 547 отбасы туралы мәлімет енгізіліп, оның ішінде 1 199 отбасы әлеуметтік кеңес алған.
Мемлекеттік мекемелерден 348 сигнал тіркелсе, соның 58-і пробация қызметінен келіп түскен. Бұл азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық пен материалдық қиындықтарға тап болған. Аталған мәліметтер еңбек мобильділігі орталығына және тиісті аудан әкімдіктеріне жолданып, нәтижесінде 4 азамат жұмыспен қамтылып, бірнеше отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, орталық тарапынан құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде. Алайда кейбір азаматтардың банк шоттарының бұғатталуы олардың жұмыспен қамтылуына кедергі келтіріп отыр.
Талап Тілеген
Сурет: ғаламтор