Біздің елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні белгілі. Соның бірі — инклюзивті білім беру. Инклюзивті білім беру — баланың ақыл-ойы, интеллектуалдық және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген және мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытылатын оқыту және тәрбиелеу процесі.
«Білім туралы» заңда инклюзивті білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс екені көрсетілген.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытудың өз әдістемесі бар. Мәселен, кейбір тәжірибелі мамандар баланың ашылып сөйлеуіне, тіл мүкістігінен арылуына кәдімгі ертегінің көмегі бар екенін айтады. Шымкент қаласындағы коррекциялық мектептерде ұстаздар ертегі оқу арқылы баланың сөйлеу қабілетін дамытуды бұрыннан қолға алған. Олар бұл әдістеме шынымен де оң нәтиже береді деген пікірде. Мұны ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары да растайды.
24KZ телеарнасының мәліметінше, ұстаз Гүлбахар Тұрсыметова ең тұйық баланың өзін сөйлете алады. Ол оқу процесін кезең-кезеңге бөліп өткізеді екен. Оқуы процесі жай ғана артикуляциядан бастап, күрделі сөйлем құрауға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Мазмұны қысқа, өте қарапайым тілмен жазылған ертегі баланың тілін жылдам шығаруға әсер етеді. Ертегі терапиясы бір жағынан арқылы балақайларды үрей мен қорқыныш сезімдерінен арылтады, екінші жағынан ой-қиялын дамытуға септігін тигізеді.
Осындай әдістеменің көмегімен мұғалім сөйлей алмайтын баланы жарты жылдың ішінде орта мектепте оқи алатындай дәрежеге жеткізіп дайындайды. Гүлбахар Тұрсыметованың айтуынша, ертегі терапиясының нәтижесі жақсы. «Қарапайым қадамнан бастаймыз, ақыр соңында баламен диалог құратындай деңгейге жетеміз. Баланы мектепке жарты жылдың ішінде дайындаймын, осы уақыт ішінде олар мүдірмей, түсінікті сөйлей алатын дәрежеге жетеді», — дейді ол.
Өткен жылғы көрсеткіш бойынша, Шымкент қаласында 14 мыңнан астам бала инклюзивті білім алады. Олармен 594 мұғалім жұмыс істейді.
Ерекше қажеттілігі балаларды реабилитациядан өткізу мақсатында шаһарда арнайы интернаттар ашылған. Дефектолог мұғалімдер заманауи шетелдік әдістемеге сай біліктілігін көтеріп отырады. Мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтары жұмысістейді. Бұл баланы ерте диагностикадан өткізіп, қандай да бір ауытқушылықты дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Екі жүзден астам мұғалім біліктілігін арттырған. Жоспар бойынша, жыл сайын арнайы педагогтар штатын ұлғайту көзделген.
Талап Тілеген
Сурет: inbusiness.kz