Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарды құрап, тұрғын саны 228 830 адамға жетті. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар. Қазіргі таңда ауыз су 97%, электр энергиясы 99,8%, табиғи газ 97% деңгейінде қолжетімді болса, кәріз жүйесімен қамту – 41%, ал асфальт жолдар – 79,8%-ды құрайды. Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі Досбол Есілбек атқарыылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту толық шешімін тауып, қосымша жобалар 2026 жылға жоспарланды. Электр желілерін жаңарту бойынша 2025 жылы 4,7 шақырым желі жөнделіп, 3 трансформатор ауыстырылды. Сонымен қатар, Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы электр желілері өтпелі кезеңмен 2026 жылы толық жаңартылады.
Табиғи газ жүйесінде 3739 абонентке жаңа қосылу мүмкіндігі жасалуда. Қаратөбе мен Оңтүстік шағынаудандарында құрылыс аяқталса, Жалын, Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында абоненттеу жүргізілуде. Кәріз жүйелерін тарту бағытында «Ұлағат» шағынауданында жұмыстар аяқталды, Базарқақпа тұрғын алабында құрылыс басталды. Сонымен қатар, орталықтағы 11 көшеге кәріз жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Еңбекші ауданы аумағында жалпы ұзындығы 732 шақырымнан асатын 728 көше бар. 2025 жылы 72 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда олардың 90%-да тиісті жұмыстар аяқталды. Аяқжолдар салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп, 2025 жылы 13,2 шақырым жаңа аяқжол пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ирригациялық арықтар орнату арқылы су басу қаупін азайтуға бағытталған шаралар іске асуда.
Жарықтандыру жұмыстары бойынша 2025 жылы жалпы 367 көше қамтылуы тиіс болса, қазіргі таңда 282 көше толық жарықтандырылып, жыл соңына дейін тиісті меже орындалатын болады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 47 аула мен 17 мекенжайда балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аудандағы спорт нысандарының саны да артып, 2025 жылы 9 жаңа ашық спорт алаңы салынды.
Абаттандырудың тағы бір бағыты ретінде гүлзарлар мен жасыл аймақтар көбеюде. 2024 жылы 5 гүлзар пайдалануға берілсе, 2025 жылы 8 гүлзардың құрылысы жоспарланып, олардың басым бөлігі жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар, көшелерге жаңа атау тақтайшалары орнатылып, 2025 жылы 207 көшеге 9015 тақтайша орнату жұмыстары толық жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі