Шымкент: Дәрігерлер жұқпалы аурулардан сақтануға шақырады

30 мамыр, 13:26

Шымшаһарда соңғы жылдары тырысқақ жұқпасы тіркелмеген. Дегенмен тұрғындарға жұқпалы аурудан сақтанудың жолдарын түсіндіру – денсаулық саласындағы мамандардың міндеті. Өйткені оңтүстік өңірде жеміс-жидектің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін.

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында «Тырысқақ және өткір ішек жұқпалы ауруларының алдын алу» тақырыбында өткен брифингте қала тұрғындары арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың тіркеліп жатқаны айтылды. Биылғы жылдың соңғы 4 айындағы статистикалық мәлімет бойынша, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) тіркелген. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Бүгінде 130 жағдай тіркелген.

Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова: «Жіті ішек инфекциясы – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін.

Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жиі жұғады», — деді.

ЖІИ таралуы көбіне тағаммен байланысты, әрі таралуы тек жаз мезгілінде ғана емес, күзде де жиі кездеседі. Бұл осы кезеңде жеміс-жидектің пісуімен байланысты. Сондай-ақ ЖІИ таралуына дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайтын шыбын-шіркей де әсер етеді.

Тұрғындарға құлаққағыс ретінде мамандар ЖІИ клиникалық белгілері туралы айтып берді. Іш ауырса, құсып, іші өтсе, дене қызуы кқтеріліп, әлсіреп, тамаққа тәбеті шаппаса, дереу дәрігерге жүгіну керек. Ауру асқынып, құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтіп, асқыну жағдайы көбірек орын алуы мүмкін.

Тұрғындар арасында ЖІИ-дің жиі тіркелуі тырысқақтың таралуына да әкеп соғады. Тырысқақ (лат. cholera) — тек адамнан адамға ауыз бен және нәжістік жолмен жұғатын, қоздырғышы вибрион түріндегі өте жоғары жұғымды аса қауіпті карантинді жіті ішек жұқпасы болып табылады. Тырысқақ ауруының жасырын мерзімі қысқа – 1 күннен 5 күнге дейін жалғасады.
Ауру таралуының негізгі себебі қауіпсіз судың тапшылығы немесе жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, сонымен қатар қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауынан болады.

Ауырған науқастарды және осы ауруға күдікті науқастарды оқшаулап, дәрігерге дер кезінде көрсетіп, тағайындаған емін алу керек.

Науқастың ауырлық жағдайына қарай ауруханаға жатқызуын немесе амбулаториялық емделуін дәрігер шешеді. Үй жағдайында амбулаториялық емделген кезде жеке бастың тазалығын қатаң сақтап, қоршаған ортаны ластамауға, көпшілікке жұқтырмаудың амалдарын қарастыру керек. Әр ауырған науқас өз бетінше емделуден аулақ болуы керек! Тек, дәрігер ғана дұрыс диагноз қояды, емдеу жолын қарастырып, емдеуді тағайындайды және қолайсыз жағдай тудырмаудың жолын біледі. Тырысқақпен ауырғандарды тез арада оқшаулап, ауруханада емдейді.
Сондықтан Шымкент дәрігерлері барынша сақ болып, тазалық сақтауға шақырады. Ал ауру белгілері байқалған жағдайда жылдамдатып дәрігер шақыру қажет.

JQ-Aqparat

Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде