jasqazaq.kz

Шымкент: «Арман шыңы» республикалық инклюзивті фестиваль өтті

17 қараша 2025, 13:36

Шымкент қаласында инклюзивті қоғам құру қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл орайда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі іс-шаралар тұрақты тұрде ұйымдастырылатынын айту керек. Сондай іс-шараның бірі — «Арман Шыңы» республикалық инклюзивті шығармашылық фестивалі. Фестиваль ерекше жандардың өнер арқылы әлемге жол тартқан жүрек үнін, өмірге деген құштарлығын паш етеді.

Аталмыш фестивальдің мақсаты – көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың шығармашылық қабілетін кеңінен таныту, қоғамда инклюзивті мәдениетті дамыту және тең мүмкіндіктер қағидатын нығайту. Бұл күн – талант пен төзімнің, жігер мен үміттің тоғысқан күніне айналды.

Биыл алғаш рет өтіп жатқан республикалық деңгейдегі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен – Алматы, Тараз, Өскемен, Қарағанды, Семей, Павлодар қалаларынан және өңірлік арнайы кітапханалардың талантты 30 қатысушысы мен оқырмандары жиналды. Олар бес түрлі номинация бойынша бақ сынасты.  Тактильді өнер, хореографиялық өнер, әдеби шығармашылық, музыкалық өнер және театр әлемі деп бөлінген сайыстар бойынша өнерлерін көрсетті. Фестивальге қатысушылардың әрқайсысы өнер арқылы өзінің жан сырын, өмірге деген сенімін жеткізді. Көру қабілеті шектеулі болса да, рухы мықты, арманы асқақ жандар өмірге деген құштарлығымен, өнерімен көпшілікті тәнті етті.

Сондай ерекше жанның бірі — Алматыдан келіп қатысқан нәзік жүректі өнерпаз Аружан Сүлейменова. Ол фестиваль сахнасында Қайрат Рысқұлбековтың жүректі тебірентер «Қабірден хат» монологын оқып, тыңдарманды терең толғанысқа бөледі. Оның дауысы – тағдырға мойымаған рухтың үні. Аружанның өмір жолы да, өнер жолы да көпшілікке үлгі. Тағдыры ерекше болуды жазса да, ол өмірден түңілмей, керісінше жарық дүниеге өнер арқылы нұр шашып келеді.

«Көруім нашар болса да, жүрегім сайрап тұр, жүрегім көреді. Өнер — менің өмірімнің жарығы. Кішкентайымнан сахнада жүрмін. Дизайнерлік киім тігетін де өнерім бар. Мен үшін сахна – шексіз әлем», – дейді Аружан ағынан жарылып.

Фестивальге әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында елге танымал мәдениет және өнер қайраткерлері болды. Атап айтқанда, жазушы Заһардин Қыстаубай, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Қайсар Ахметов, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, хореограф Ақбота Бейсен, Қазақ зағиптар қоғамының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Зәуре Әйтек, және суретші-дизайнер, «Инклюзивті әлем» байқауының жүлдегері Ербол Амантаев төрелік етті.

Фестиваль соңында ерекше жандардың еңбегі еленіп, үздік өнер иелері мен шығармашылық топтар Алғыс хаттармен, дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл шара тек байқау емес – адам рухының мықтылығын, өмірдің мәнін сезінудің мерекесі болды. «Арман Шыңы» фестивалі – әрбір ерекше жанның өнер арқылы өз әлемін ашуына мүмкіндік беретін рухани көпір. Шараны Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұйымдастырды.

JQ-Aqparat

Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

22 қантар, 15:22
Қазіргі депутаттар жаңа Құрылтайға қайта сайлана ма?
20 қантар, 14:02
Президент: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет
20 қантар, 10:48
Банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтарға қатысты деректер базасы құрылмайды – Ұлттық банк
19 қантар, 13:48
Аида Балаева балаларға арналған кітаптардың жоқ екенін ашып айтты
12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)