Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы аумағында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен орналасқан. 266 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 931 көппәтерлі және 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Бүгінде ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков айтып өтті.
Брифингте жария етілген мәлімет бойынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 33 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңы абаттандырылды, қосымша 5 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы 56 аула, ал 2027–2028 жылдары тағы 52 аула абаттандырылады. Сонымен қатар, 9 спорт алаңы жөндеуден өтті.
Жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 133 көшеге жарық шам орнату жоспарланып, қазіргі таңда 42 көшеде толық іске асты. 112 көппәтерлі тұрғын үйдің 63 ауласына жарық шам қойылып, қалғандары жыл соңына дейін аяқталады.
Көшелерге асфальт төсеу және жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2025 жылы жоспарланған 25 көшенің 18-інде жаңа асфальт төселді, қалған 7 көшеде жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту жоспарланған, оның 23-і аяқталды.
Оған қоса, аяқжол салу, ирригациялық арықтар орнату, көпқабатты үйлердің қасбетін жарықтандыру, мурал салу және жаңа скверлер ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Әл-Фараби ауданында қысқы маусымға дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Аудан әкімінің мәліметінше, аудандағы 931 көппәтерлі үйдің 861-і орталық жылу жүйесіне қосылған, бүгінде олардың 97 пайызы қысым сынағынан өткізілген.
Биыл тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 20 көпқабатты үй жөндеуден өтуде, оның 13-інде жұмыстар аяқталды. Реновация жобасы бойынша биыл 4 мекенжайда құрылыс жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейін 28 апатты үйді бұзып, 235 меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.
Аудан аумағындағы базарларды жаңғырту жұмыстары да қолға алынды. «Орталық Қырғы» базарының 50 пайызы жаңартылып, шатыр және павильондар орнатылды. Сонымен қатар, «Назым апа» және «Көктем» базарларында демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда 41 рет сенбілік ұйымдастырылып, 8 мыңға жуық адам мен 190 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 504 тонна қоқыс шығарылды. Қала тазалығын сақтау үшін негізгі көшелерге 275 қоқыс жәшігі орнатылады.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі